Еліміз – астық, ұн өнімдерін экспортқа шығарушы мемлекеттердің бірі. Бірақ cоған қарамастан, Отанымызда ұннан өндірілетін тағамдар ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай келеді. Мәселен, макаронның ішкі тұтыну көлемі қарқынды өсу үстінде, ал аталған өнімнің күн сайын артқан сұранысына отандық өндіріс қауқарсыздық танытуда. Десе де, қазақ даласында өскен бір уыс бидайдың сүйіп жейтін асымызға айналуына еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында өндірілген макарон өнімдері жергілікті тұрғындардың ас мәзірінен орын алды. Қазір ауданымыздағы көптеген шаңырақтардың берекелі дастарқаны жаңа өніммен толығыпты. Олай дейтініміз, өткен жылы өңірімізде макарон өнімдерін шығаратын цех ашылды. Бұл игілікті жобаны «Рымбекова» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып отыр. Мамандығы қаржыгер Динара Рымбекова Астанадағы «Halyk Bank» бөлімшесінде он жылға жуық қызмет атқарыпты. Кейін отбасылық жағдайына байланысты Есік қаласына қоныс аударған Динара Рахметқызы 2021 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» конкурсына қатысып, өз бағдарламасын сәтті қорғап, грант жеңіп алыпты.
– Қолым босаған сәттерде үйде түрлі дәмді тағамдар пісіретінмін. Мен дәйім ас әзірлеуді ұнатамын. Сол себепті де, азық-түлік өндіретін шағын кәсіпорын ашуды армандап жүретінмін. Өйткені, қай кезде болсын адам баласына ішер ас керек. Сол үшін, макарон өндіретін цех ашамын деген шешімге келдім. Сөйтіп, жоба әзірлеп, оны кәсіп¬керлер палатасының Еңбекшіқазақ ауданындағы филиал жанынан құрылған арнайы комиссияның қарауынан өткіздім. Осылайша, 2 млн теңге көлемінде грантқа ие болдым. Кейін тағы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы төмен пайызды несиеге қол жеткізіп, жұмыс бастауға кірістік. Қолға тиген қаражатқа өндіріске қажетті техникалар сатып алдық. Кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын «Атамекеннің» әрі қарай да осы қарқынмен жұмыс істей бергенін қалаймын. «Атамекеннің» арқасында қанша адам көмек, кеңес алып, төмен пайызды несиеге қол жеткізіп отыр, – дейді Динара Рымбекова.
Жас кәсіпкер өзі өндірген макарон өнімдеріне «AS QAZAN» (Асқазан) деп ат қойыпты. Оның сөзінше, бұл атау ұлттық таным-түсінігімізге сай келеді. Бүгінде аталған цехта 4 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндіріс ошағы заманауи италиялық техникамен жабдықталған. Онда күніне 5 тонна, ал айына шамамен 200 тоннаға жуық өнім өндіріліп, макаронның 9 түрі шығарылады екен. Бастысы өнім сапалы әрі арзан бағада сатылады. Кәсіпкердің сөзінше, оның макарон өнімдері тұтынушылардың жас ерекшелігі мен түрлі талғамына сай келеді. Шағын кәсіпорын ел ішіндегі 13 өңірдің сауда орындарымен тұрақты келісімшарт негізінде өнім жеткізеді. Бүгінде кез келген кәсіпорынды жақсы ұйымдастырылған маркетингісіз және өндіріс өнімін жарнама арқылы таныту тәсілдерінсіз елестету қиын. Сондықтан кәсіпкер көптеген желі арқылы ресми парақша ашып, өз брендін таныстыру жұмыстарына да ден қойыпты. Оның сөзінше, тұтынушылардың пікірін білуге, сапаны арттыруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға әлеуметтік желідегі жарнама жұмысы көп септігін тигізіпті. Алда кәсіпкер өндірісінің номенклатурасын арттыру және кәсіпорынның нарықтағы үлесін сақтауға, бәсекелестікке қабілетті өнім шығаруға күш салатындығын, өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларға назар аударатындығын айтты. Жас кәсіпкер өз өндірісін дамытуға кедергі болатын мәселелердің барын да жасырмады.
– Біз енді ғана өнім өндіре бастадық. Сондықтан мемлекет тарапынан өнімдерімізді сатуға қолдау көрсетілсе дейміз. Өйткені, біз еліміздегі түрлі сату желілері мен дүкендерге өз өнімімізді сата алмаймыз. Сондай-ақ, экспортқа шығуымызға да мүмкіндік берілсе екен. Бұл жағынан кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіріп отыр. Жас кәсіпкерлерді ынталандыру үшін бизнесті қаржыландыру саясаты реттелсе, қомақты және төмен пайызбен несиелер берілсе, бұл біздің өз ісімізді өркендетуге жақсы мүмкіндік болар еді, – дейді Динара Рымбекова.
Қазақстан өзін-өзі азық-түлікпен және таза ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алатын елдердің қатарында. Сарапшылар елімізге келетін импортты қысқарту жөнінде және сыртқы нарыққа шығатын бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қолдау жасау туралы нақты шаралар іске асырылуы керектігін жиі айтып келеді. Ол үшін отандық азық-түлік өндірісіне баса назар аудару шарт. Жас та болса, осы салаға білек сыбана кіріскен Динара Рымбекованың ісіне біз де береке тіледік.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы