Жан жадыратар жаздың бел ортасынан асып, көшенің сәні, мектептің мәні болған оқушылар білім ордаларына оралатын уақыт та жақындап келеді. Бұл, бір жағынан, балалар киелі қарашаңырақтары мен ұстаздарын, бірге оқитын достарын сағынып, шүйіркелесіп, қауышатын күнді асыға күткен сәт болғанымен, қоғамдағы алаңдатарлық проблемалардың бірі – «бала қауіпсіздігі» ата-аналарды мазалайтыны да жасырын емес. Осы орайда, айта кететін өзекті мәселелердің бірі – жол жүру қауіпсіздігі.
Көлік жүргізушілері мен жаяу жүретін тұрғындардың жол ережесін сақтамауынан ауданымызда жол апаты, адам өлімі, жаяу жүргіншілердің түрлі дене жарақатын алу жағдайлары аз кездесіп жатқан жоқ. Мұндайда көлік жүргізушілер жаяу жүргінші өткелінде жолақтың өшіп қалғанын, жолда жолақ болмағандықтан жылдамдықты азайтпай, жоғары жылдамдықпен жүргенін алға тартқан жағдайлар да кездеседі. Расында, қала, ауылдық елдімекен көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолақтарын көлік жүргізушілері байқай бермейтінін естен шығармаған да абзал. Себебі ала сызық бояуы өшіп кеткен. Ал орнатылған арнайы белгілер кейбір жүргізушінің назарынан тыс қалып жүр. Жаяу жүргіншіге арналған жол белгісі қойылғанмен, жаяу жүргінші жолағы сызылмағандықтан, көлік жүргізушілері жаяу жүрушілерге жол бергісі келмейтін сәттер де бар. Дәл осындай жағдай Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында орналасқан №7 орта мектептің маңында жиі туындайды. Себебі, Әуезов көшесінің бойында мектептің ауласына кіретін қақпаның тұсында жаяу жүргінші белгісі қойылғанына жарты жылдан асты. Алайда жаяу жүргінші жолағы сызылмаған. КТА ойындарында «Ісін соңына дейін аяқтамайтын ағамыздың әйелі бар, бірақ баласы жоқ екен» деген астарлы қалжың айтылған еді. Дәл осы әзіл біздің нысанымызға айналып отырған Әуезов көшесіне қойылған жаяу жүргінші жолағына арналғандай. Біз жолақты жоқтап жүрсек, белгісіз жандар аялдама түбіндегі жаяу жүргіншілер өткелін білдіретін белгі қойылған темір құбырды тасымен бірге аударып, алып тастапты. Өздігінен тұрған белгі кімге кедергі жасады екен? Ол жағы жұмбақ!
Жолақ демекші, түсі оңып, жолақ сызықтары көрінбей қалған жаяу жүргінші өтпелері Өтеген батыр ауылында жетіп-артылады. Мәселен, Жансүгіров, Титов көшелерінің бойындағы жолақтар өшіп, асфальты көрініп жатыр. Жолақ көрініп тұрған кездің өзінде жолдан өткен жаяу жүргіншілерге жол бермей құйындатып өте шығатын көліктер де бар. Сол себепті, тек жолаққа ғана сеніп қоймай, «Мектеп, балабақша, басқа да мемлекеттік ғимараттардың жанындағы жаяу жүргінші жолақтарына жасанды жол кедергісі қойылса», – дейді ауыл тұрғындары. Мейірімі күшті Алла Тағала да Құранда «Сақтансаң, сақтаймын» деген екен. Ендеше, құзырлы орган қызметкерлері халықтың тілегіне құлақ асып, бояуы өшкен жолақтарды қайта бояп, Титов көшесіндегі, М.Әуезов көшесіндегі мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер өткеліне, Жансүгіров көшесіндегі жаяу жүргінші өткелдеріне де жасанды жол кедергісін қояды деген үміттеміз.
Бағдат Шойбасов,
Іле ауданы