Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналықсанитарлық көмек бойынша штаттан тыс үйлестірушісі, Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының директоры Жәмила Әбеуова баяндама жасады.
Ол өз сөзінде Еңбекшіқазақ көпсалалы аудандық ауруханасы 2018 жылдан бастап «Primary health care» Ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, «Алғашқы медициналықсанитарлық көмек» жобасын жүзеге асыруды бастағанын, 2019 жылы аталмыш медициналық мекеме ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан үздік тәжірибелер орталығы ретінде айқындалып, осы кезеңнен бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін қайта құру ісіне белсене атсалысып жатқанын жеткізді.
Бұл ретте бірінші кезеңде терапевтік және педиатриялық бейіндегі учаскелік қызметтің орнына отбасылық тәжірибедегі командалар құру көзделген. Осы орайда жалпы тәжірибелік дәрігерлер, медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардан тұратын кеңейтілген көпсалалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бригадаларын жедел енгізу ісі жүргізілуде. Мамандардың тәжірибелерін арттыру, оқыту жұмысы да қолға алынған.
Бұл іс бүгінде өз нәтижесін беруде. Атап айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданында медбикелерге және әлеуметтік қызметкерлерге көмек сұрап жүгіну 12 есеге, әлеуметтік қызметкерлерге жүгіну 27 есеге, отбасылық дәрігерлерге жүгіну 67 пайызға, ал тар бейінді мамандарға жүгіну 20 пайызға азайған. Сондай-ақ, негізсіз ауруханаға жату және амбулаторлық мамандандырылған қызметке жүгіну мен «Жедел жәрдем» қызметін пайдалану сияқты көрсеткіштер де төмендей түскен.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ Еуропалық орталығымен бірлесіп, 2022 жылы тәжірибе алмасудың жаңа инновациялық әдісін – Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық ауруханасының базасында Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформасын іске қосты. Бүгінде Еңбекшіқазақ көпсалалы аудандық ауруханасы жанындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы – еліміздегі озық тәжірибе тарататын медициналық ұйым болып cаналады», – деді Жәмила Санаққызы.
Брифинг барысында спикер «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жайында да әңгімелеп өтті. Осы орайда облысымыздың 6 ауданында дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт сынды 38 нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде 3 нысан осы жылы пайдалануға берілетін болса, 24 нысанның құрылысы биыл басталып, келер жылдың басында аяқталады. Қалған 11 медициналық мекеме 2024 жылы бой көтереді деп жоспарлануда.
Бұл жобаны іске асыру шалғайдағы елдімекендерде алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ орталық аудандық ауруханаларды медициналық жабдықтармен толық жарақтандыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы