Қасиетті Қарқара өңірі ғана емес, күллі Алматы облысы тұрғындары да аңсай күткен «Қымыз фестивалі» де көрген түстей өте шықты. «Тойдың болғанынан да боладысы қызық» деген осы. Жарнамасының өзі жалпақ жұртты жалт қаратқан бұл жиынның басты ерекшелігі қымыздан басталатын атауында еді.
Ұлтымыздың төл сусыны саналар қымызды еске салған аталмыш шараны ұйымдастырушыларға айтылған алғыс та аз болмады. Қымыз ғана емес, жайлау төрінде «жаздыкүн шілде болғанда» өтетін осындай ұлыжіңгір ғажап шаралар да ұмыт қала жаздады емес пе?! Мына шара соларды да еске түсірді.
Осы жиыннан бір күн бұрын ғана тағайындалған жаңа әрі жас әкімді Қарқара аспаны қара бұлты тұтасып келіп құйып өткен жаңбырымен бір сынап алғандай болды. Табиғат-Ана «біздің осындай да мінезіміз бар» дегенді қабағымен танытты. Ізінше қалың қауымды үркітіп алмайын дегендей-ақ жадырап сала берді.
Фестивальда ұйымдастырылған ұлттық қолданбалы өнер және ауылшаруашылық өнімдері көрмелері көңілге біраз ой салды. Шараны ұйымдастырушылардың аз еңбектенбегені көзге ұрып тұр. Десек те, қымыз фестивалі деп айтылған соң басымдық негізінен қымызға және қымыз өнімдеріне байланысты тұрмыстық шараларға берілуі тиіс еді. Тіпті, «Сарыағаш» фирмасының өз сусындарын тегін таратқаны сияқты, қонақтарға тегін қымыз құйылса да артық емес қой.
Қымыз өндірудің ондаған түрлі әдістәсілдері көрсетіліп, мастер-кластар ұйымдастырылса қандай ғажап!
Көпшілік көкейінде жүрген бірқатар ұсыныстар әлеуметтік желі беттерінде орынды айтылып жатыр. Бұлардың біразы осы шараны барлық аудандарда өткізген дұрыс болар еді дегенге саяды. Шынында да неге қолдамасқа?! Осындай игі бастаманы барлық аудандарда өткізіп, сары күзде облыс орталығында сары қымызды сапырып отырып қорытындыласақ керемет емес пе?!
Қымыз тойында сонау Маңғыстаудан ат арылтып келген Светқали Нұржан досымыз жырдан шашу шашты:
Хан жайлау, Қанды жайлау Қарқарам-ай,
Кеппейді сен дегенде аңқа қалай?!
Алдымнан дархан Албан анталады-ай:
«Келді – деп, ортамызға тарпаң Адай!»
Ұранды ел – құранды ерге тақым салған,
Ергізде құрал-құрмаң тарқамағай!
Кеген ауданындағы қызметін қымыз тойымен бастаған жаңа әкім Нұрбақыт Теңізбаевқа тойға жиналған қауым: «Осындай жаңалықтар мен жақсылықтардың жаршысы бола бер!» деген баталы тілегін айтты. Осы тілекке біз де қосыламыз.
Кәдірбек Құныпияұлы,
«Алатау арайы” газетінің бас редакторы