Қазақстан азаматтары осы күнге дейін елге жеңілдетілген тәртіппен, яғни кедендік баждар мен салықтарды төлемей-ақ 3442 электромобиль әкелді. Қазақстан Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімімен 2022 және 2023 жылдары азаматтарға электромобильдерді бажсыз әкелу мүмкіндігі берілген еді. ЕЭК шешіміне сәйкес 2023 жылы Қазақстанға 15 мыңға дейін экологиялық таза электромобильді жеңілдікпен әкелуге берілген рұқсат етілген. Бұл ережеге сәйкес елге тағы 11558 электрмен жүретін көлік әкелуге болады.
Қазіргі уақытта Қырғызстанның ұсынысы бойынша ЕЭК электромобильдерді бажсыз әкелу мүмкіндігін 2025 жылға дейін ұзарту туралы мәселені қарастырып жатыр.
Әйтсе де, Қаржы министрлігі жоғарыда аталған ЕЭК шешімінен тыс, елге электромобильдерді кедендік баж салығын төлемей-ақ, бірақ қосымша құн салығын төлей отырып әкелуге де болатынын ескертеді. Бұл жағдайда Дүниежүзілік сауда ұйымының ставкалары бойынша тауарларға декларация тапсыру қажет.
Статистика деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың 1 маусымында Қазақстанда 4 млн 873 мыңға жуық көлік, оның ішінде 4 млн 279 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелген. Көлігі көп өңірлер арасында Алматы облысы мен Алматы қаласы алда тұр. Еліміздегі барлық көліктің 24 пайызы осында тіркелген. Жолда жүргеніне 20 жылдан асып кеткен көліктер саны бойынша да Алматы облысы мен Алматы қаласы топ бастап тұр.