Қазақстан үкіметі сырттағы этникалық қазақтардың «қандас» мәртебесін алуын жеңілдетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, еліміздің шет елдердегі елшіліктері арқылы «қандас» мәртебесін алудың жаңа тетігін іске асыру жөніндегі пилоттық жоба аясында «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша 656 отбасындағы 1997 этникалық қазақтан өтініштер қабылданды. Қазақстанға оралғысы келген этникалық қазақтардың өтініштері республикамыздың солтүстік өңірлеріне жолданды.
Өтініш жолданған жергілікті атқарушы органдар енді оларды қарастырып, тұрақты қоныстандыру, жұмысқа орналастыру және өңірлік квотаға енгізу бойынша ұсыныстарын беруі тиіс. Этникалық қазақтарды қабылдау тетігін қайта қарау Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жүргізілді.
Бұл тұжырымдама бойынша қандастарды Қазақстан үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстандыру, демографиялық ахуалын жақсартуды қажет ететін, даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елді мекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қоныстандыру қарастырылған. Қандас мәртебесін алатын этникалық қазақтар Қазақстан аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан азаматтығын алған отбасы мүшелері немесе жақын туыстарымен қауышу мақсатында, жұмыс берушілердің шақыруы бойынша жұмысқа тұру мақсатында тарихи отанына орала алады.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі этникалық қазақтардан өтініштерді қабылдау виза талап етілетін елдерде (Түрікменстан, Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан) орналасқан Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мекемелерінде сынақ түрінде жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Бұл елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселелерді шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік береді.
Шетелден тарихи отаны Қазақстанға оралған қазақтарға “қандас” мәртебесі заңға 2020 жылдың мамыр айынан бастап енгізілген. Оған дейін шетелден Қазақстанға қоныс аударған қазақтар “оралман” деп аталатын.
Елімізде халықтың құжат реттеуі үшін “бір терезе” қағидаты жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұрын бір құжат реттеу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын жұрт қазір тіпті халыққа қызмет көрсету орталықтарына да сирек баратын болды. Себебі көп құжатты үйден шықпай-ақ ұялы телефон қосымшалары арқылы рәсімдеп, түрлі мемлекеттік қызметті алуға болады. “Бір терезе” қағидатының енді шетелдегі қазақтар үшін де жұмыс істей бастауы сырттағы ағайын үшін қуанышты жаңалық екені сөзсіз. Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданында 400-ге жуық қандасымыздың азаматтық ала алмай, әуре-сарсаңға түскенін жазған едік. Жаңа ереже мұндай келеңсіздіктердің жолын кесіп, түрлі бюрократиялық кедергілерден арылуға сеп болады деп сенеміз.