Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында шатыры жанып кеткен 2-шағын аудандағы №36 көпқабатты тұрғын үйді аралап көрді. Ол 4-қабаттағы 23-пәтерде тұратын 70 жастағы әжеймен сөйлесті.
«Ұйықтап жатқанмын, түнгі сағат 2-де оянып кеттім. Бірдеңе тарс-гүрс ете қалды. Пәтерді қою қара түтін басқан. Ескі тоңазытқыштың тоғынан қысқа тұйықталу болған екен. Жатын бөлменің есігі ашық қалғаны жақсы болған, әйтпегенде, қайғылы жағдай болар ма еді. Біздің пәтерден шыққан өрт дем арада шатырға өтіпті», – деді әжей.
Тұрғынды тыңдаған Марат Сұлтанғазиев те өз пікірін білдірді.
«Өрт 1-қабаттан шыққанда, расымен де, жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін еді. Біз үшін ең бастысы – жұрттың амандығы. Пәтерді жөндеуге көмектесеміз. Ол үшін заттарыңызды басқа жаққа көшіріңіздер», – деді облыс әкімі.
Үйді аралап шыққан өңір басшысы қала әкімімен, пәтер иелері кооперативінің басшысымен тілдесіп, тапсырма берді.
«Тұрғындардың барлығы газ баллонын пайдаланады. Бұл – өте қауіпті. Төтеншеліктер оқыс оқиға болған түні жоғары қабаттардағы пәтерлерден 20 газ баллонын далаға шығарған. Қызыл жалын шыққан пәтерде де баллон болған. Қазіргі таңда магистралды газ құбыры тура үйдің жанынан өтеді екен. Пәтер иелерімен сөйлесіңіздер, жөндеу жүріп жатқан сәтте құбыр тартып, тұрғындарды көгілдір отынға қосайық. Сондай-ақ газға қосылу құнын бөліп төлеу мерзімін 1-1,5 жылға созуға көмек көрсетейік», – деді Марат Сұлтанғазиев.
4 қабатты үйде 70 пәтер бар. Онда 135 адам тұрады. Пәтерлердің жартысы жөндеуді қажет етеді.
Alataunews.kz