Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай каникулда балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Демалысқа шыққан балалардың бірі жазғы лагерьлерде демалса, енді бірі қала аралап, саяхаттағанды ұнатады. Ал кейбіреулері жеке шаруашылықта еңбек етіп, табыс тапқанды қалайды. Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет.
Биыл Еңбекшіқазақ ауданында 1536 оқушыға жазғы демалыс ұйымдастырылды. Бұл мақсатта облыстық білім басқармасы тарапынан Еңбекшіқазақ ауданына 130 миллион теңге қаражат бөлініпті. Сонымен қоса, демеушілер қорынан 117 млн 600 мың теңгеге 2100 балаға лагерь жолдамасы беріліпті. Сонымен бірге, облыстық білім басқармасы «Қазақстан қоғамдық» қоры есебінен оқу үздіктері мен байқау жеңімпаздары үшін 354 балаға квота бөлген.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда тағы қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны туралы аудандық білім бөлімінің мамандары айтып берді.
– Мұнда балалар екі ауысым бойынша спорт, тіл және дебат бағыттарындағы үйірмелерге қатысады. Бала қабылдағанда әуелі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасы, көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасының балаларына басымдық берілді. Лагерге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысуда. Биыл сауықтыру лагерлері мен алаңдардың саны айтарлықтай артты. Жалпы аудан бойынша 4 мыңға жуық мектеп жанындағы (арнайы топтар), қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үйлермен жабдықталған алаңдар 1 маусымнан оқушыларға айқара есік ашты. Балалардың сауықтыру демалысының құрамына лагерлер, санаторийлер, туристік базалар, ұлттық парктер, мектеп жанындағы алаңдар кіреді, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Зарима Қожмамбетова.
Қазір Еңбекшіқазақ ауданының оқушылары демалысын «Тау Жанашар», «Baqsy», «Арман дала», «Күн шуақ», «Спутник» сынды лагерлерде өткізіп жатыр. Ал республикалық деңгейдегі демалыс-сауықтыру орталықтарына 56 балаға жолдама беріліпті. Олар «Бурабай–Балдәурен» және «Түркістан–Балдәурен» лагерінде демалу мүмкіндігіне ие болыпты.
Ерзат Асыл
Еңбекшіқазақ ауданы