Қазақ жері қазба байлығымен ғана емес, өткеннен сыр шертетін тарихи жәдігерлерімен де әйгілі. Оларға қатысты болжамдар, көзқарастар, пікірлер толастамайды. Бір ғана «Алтын адам» табылған Есік қорғандарын алайықшы, бізге беймәлім жұмбақтары әлі де көп. Бұл бағыттағы зерттеулер тынымсыз жалғасуда. Ғылыми ізденістерге отандық мамандармен бірге, шетелдік ғалымдар да атсалысып келеді. Археологиялық жұмыстар халықаралық сипат алды. Осыған орай «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира МҰХТАРОВАМЕН әңгімелескен едік.
– Гүлмира Райылқызы, «Өткенді білмей, бүгіннің қадіріне жете алмайсың» деген тәмсіл бар. Сіз басқарған музейдің тарихи танымды тереңдетуге ықпал, әсері қандай?
– Музей – ықылым замандардан сыр шертетін ғылыми, мәдени-танымдық орын. Ондағы әрбір жәдігер тарихтың көрнекі құралы. Мәселен, «Алтын адам» заманындағы оқиғаларды музейдегі экспонаттар нақты көрсетеді. Сол арқылы бүгінгі ұрпақ өткенін тануға, болашағын бағдарлауға мүмкіндік алады. «Есік» тарихи-мәдени қорық-музейі мемлекеттік шешіммен 2010 жылы құрылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қарауында. Мекеменің атауындағы «қорық-музей» деген сөзге қараңызшы, көп нәрсені аңғартады. Мәселен, музейге қарасты аумақ ғимараттың ауласымен ғана шектелмейді. Әуел баста бұл маң бес қорғанды қамтыған 6 гектар жер еді. Қазіргі таңда оның көлемі ұлғайды, 443,5 гектардан асты. Оған – Есік бейіттері, Рахат және Өрікті жеріндегі археологиялық нүктелер кірді. Талғар қалашығының орта ғасырдағы орындары қосылды. Демек, іздейтін, тиянақтайтын, қолға алатын жұмыстар аз емес. Зерттеу мен анықтау бір күннің, бір айдың шаруасы емес. Ол тынымсыз іс-әрекеттер мен терең білімді қажет етеді. Музейдің сырт көзге байқала бермейтін қарбалас тіршіліктері әрі қиын, әрі қызық.
– Музей айналасындағы тарихи аумақтар зерттеушілердің назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Ғылымда шекара болмайды десек, зерттеу үрдістері жалпыадамзаттық ықпалдастыққа тәуелді. Есік қорғандарында мұның қандай мысалдары бар?
– Шығыстанушы А.Бернштамның 1936 жылғы еңбектеріне сүйенсек, ғалым сол кездің өзінде-ақ Есік қорымының нағыз археологиялық ескерткішке жататынын тап басып анықтаған. 1939 жылы оның жетекшілігімен Жетісу археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. «Біртекті» қорымдардың сызбалары қағазға түсірілген. Зерттеуші мұндағы қорымдардың тығыз орналасқанына көңіл бөледі. Кейбір қорғандардың басқаларға ұқсамайтын кең пішілген тұрпатына таңғалған. Алайда, қазба жұмыстары археологтардың үмітін ақтамады. Неге дейсіз бе? Ақ тер, көк тер болып қорымдарды ақтарғанын қайтейік, ол жерден топырақтан басқа түк шықпапты. Ешқандай жәдігер қолдарына ілікпеген. Алтынның иісін күні бұрын сезіп, тіміскілеген әккі ұрылар мүрделердегі асыл бұйымдардың түгін қалдырмай тонап кеткен. Тек 1948 жылы ғана зерттеушілер өздері күткен нәтижелерге жетіп, қорытындысын жариялайды. Жұмыстың қиындығы мен қызығы дегенде, мен осыны айтқым келеді. Ал «Алтын адамға» қатысты ғажайып оқиға ойламаған жерден өрбиді. 1969 жылы Есік қаласына жаңа автобекет құрылысы жобаланады. Осыған байланысты тарихы қалың аталмыш өңірге алдымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. 1970 жылдың көктемінде әлгі аумақтан суық қолдарға жолықпаған, толыққанды әбзелдерімен жатқан «Алтын адамның» мүрдесі шықты. 1 9 8 0 ж ы л ы а р х е о л о г Б е к е н Нұрмұханбетовтің тобы қыш ыдыстар, шырағдан және күміс белдіктердің үзіктеріне кездеседі. Бұдан кейін олар 1985-1999 жылдар аралығында қазба жұмыстарын үдетеді. Жер астында жатқан көптеген жәдігерлерді тауып, ғылыми айналымға қосады. Бұл уақытта бәрін байыппен түгендейтін мезгіл жеткен еді. Сондықтан, Есік қорымына қарасты қорғандар есепке алынды, олардың ғылыми төлқұжаттары жасалды.
– Қазақ-қытай ғалымдары тізе қосып бірқатар ғылыми шараларды орындады деп естідік. Осы жұмыстар туралы не дейсіз?
– 2004 жылы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары Есік қорғаны қалашығына стратиграфиялық шурф салды. Сол негізде сақ дәуіріне (б.д.д V ғ. басы – б.д.д ІІ ғ.) сәйкес келетін ондағы мәдени қабаттар анықталды. 2017-2019 жылдары Есік қорық-музейінің қызметкерлері мен Қытай Халық Республикасы Шәнси облыстық археология мамандары халықаралық экспедиция одағын құрып, соның күшімен қалашық іргесін кешенді түрде жан-жақты зерттеді. Стратиграфикалық қазба жұмыстары кезінде көптеген жұмбақтардың беті ашылды. Мұндағы ескерткіштердің орта ғасырға дейінгі палеолит дәуіріне жататыны белгілі болды.
Сөйтіп, біздің өңірімізде де үлкен мәдениеттің ықылым замандардан тамыр тартқанын білдік. Десек те, жұмыс мұнымен бітпейді. Әлі қаншама сырлардың топырақ астында жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, қазақ-қытай археологтарының жұбы әзірге ажырай қоймайтын шығар.
– Өрікті елдімекеніне қатысты түрлі болжамдар бар. Соларды жинақтап, бір ізге түсіріп, ғылыми тұжырыммен тиянақтау барысында қандай қорытындыға келдіңіздер?
– Сенесіз бе, шындап ден қойсаң, ескерткіштер де сөйлейді. Оған тіл бітіру – ғалымдардың міндеті. Біз мәселеге осы тұрғыдан қараймыз. Қазіргі елдімекеннің оңтүстігіне қарай ойысып, тау етегіне жақындаңыз. Сол жерде Өрікті деген қала болған. Шамамен алғанда ол кезең б.д.д. ІІІ-І ғасыр аралығына жатады. Қаланың негізгі бөлігін шеңберге ұқсатып тұйықтап жасаған. Үш қапталы топырақ дуалдармен қоршалған. Қорғанның керегелері өте мықты болғаны байқалады. Дуалдарға жалғастырып терең орлар қазылған. Жауды өткізбеуді осындай әдістермен қамтамасыз еткен. Археологтар еңбегінің арқасында көп нәрсеге көз жеткіздік. Зерттеушілер Рахатты сақтардың резиденциясы деп болжайды. Өріктіні мекендеген жұртты ордаға қызмет көрсететін адамдардың санатына жатқызған.
– Зерттеушілер дегенде, оларды үнемі сырттан шақырасыздар ма әлде ағымдағы шаруаларды қорық-музейінің ұжымы өз күшімен де атқара ала ма?
– Жұмыс күрделі, сондықтан сыртқы әріптестеріміздің көмегі керек емес дей алмаймыз. Алайда негізгі жауапкершілік өз мойнымызда. Бізде білікті зерттеушілердің тобы әлдеқашан қалыптасқан. 2012 жылы Өрікті аумағы топырағының топографиялық суреті түсірілді, бәрін асықпай анықтадық. Ең жоғары қабаты ортағасырлық кезеңге жатқызылды. №1 және №2 қорғандар да мұқият қазылды. Біреуі – адам жерлейтін, екіншісі құрбандық шалатын орын болып шықты. 2015 жылы Түркі кезеңдеріне жататын жәдігерлерді де таптық. 2017 жылы Оңтүстік Кореяның археологтары келді. Ортақ іске үлестерін қосты. Бекен атамыздың рухына арнап «Нұрмұханбетов эксавейшнс» деген атпен тұңғыш рет бұқаралық экспедиция ұйымдастырылды. Қазақ спорт және туризм академиясының студенттері, жергілікті білімді жастар, тіпті, Швеция, Украина, Венгриядан келген еріктілер экспедиция сапын толықтырды. Осының бәрі музей қорының одан әрі молаюына өзіндік септігін тигізді.
– Музейге қарасты аумақ Талғар өңірін де қамтиды екен. Бір-біріне ұштасып жатқан шежірелерден бүгінгі ұрпақ ұғатын қандай мәліметтер бар?
– Талғар қаласы ескерткіші музей қарауына берілгеннен бастап оны шашыратпай зерттеп, жинақтадық. Археология институтынан және «Ғылым ордасы» РМК архивінен 1979-1989 жылдардағы қазба жұмыстарының сандық көшірмелері алынды. Осы арқылы көптеген жайларды реттедік. Материалдарға ғылыми талдаулар жасадық. 2013 жылы орта ғасырлық Талғар қалашығы ескерткішінің қорғау аумағы 20,8 гектар жерді құрады. 2014 жылы Дохада өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 38-сессиясының шешімімен ол Чаньан-Тянь-Шань дәлізі сериясының номинациясына жатқызылып, Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, Талғар ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 26 маусымдағы №06-330 қаулысымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тұрақты пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда оны қоршап, қорғауды музей толық өз қамқорлығына алды. Алатаудың бөктеріндегі ескерткіштер көне замандардан бері бұл жерде біздің ата-бабаларымыздың өмір сүргенін дәлелдейді. Уақыт жәдігерлердің сыртқы сипаттарын өзгерткенімен, өзегінің берік сақталғаны білініп тұрады. Демек, ата-бабамыз басқа жақтан келген жоқ. Осы топырақтың дәнінен өсіп-өнген ұлыспыз. Бүгінгі ұрпақ та, ертеңгі ұрпақ та ата жолынан айнымауға тиісті. Музей осы ғибратты баршаға ұқтырады деп ойлаймын.
– Музей зкспозициясының құрылымына тоқтала кетсеңіз. Келушілер онымен қалай сырласады?
– Музейдің тұрақты экспозициясының қоры жеткілікті. Онда палеолит дәуірінен орта ғасырдың аяғына дейінгі кезеңдер қамтылған. Сақтар тарихынан сыр шертетін 435-тен астам жәдігер тұр. Сонымен қатар, мұнда сол заманда жасалған қыштардың бөліктерін қолмен ұстап қарауыңызға болады. Соған мүмкіндік беретін технологияны пайдаланасыз. «Алтын адамның» бас киімін құрастыра алатын пазл, петроглифтер көшірмесін жасап, оны өздерімен бірге алып кетуді қамтамасыз ететін интерактивтер аймағы орналасқан. Қонақтарымыз қақпадан кіргенде түпнұсқа тас мүсіндерге көзі түседі. Музей коллекциясында еліміздің әр түкпірінен әкелінген жеті тас мүсін бар. Олардың көпшілігі Ұйғыр ауданы Жаманбұлақ ауылының маңынан, Райымбек ауданынан, Жамбыл облысының Қордай ауданынан табылған олжалар. Өкінішке қарай, кейбір тас мүсіндер жаңбыр мен күннің әсерінен тозып, бедері көмескіленген. Оның қай заманға жататынын анықтау қиындық туғызады. Орналасқан жерінен қопарып алып қозғаған соң, жарық бағытымен бағдарлау әдісінен адасып қалатын жайлар бар. Дегенмен, «қалауын тапса қар жанады» дейді ғой. Қисынын келтірсе ашылмайтын құлып, шешілмейтін жұмбақ жоқ. Суреттің жақсы сақталған иконографиясы арқылы да мерзімін дәл анықтауға келетін тас мүсіндер кездеседі. Кеген ауданы, Талды ауылы маңындағы тас мүсіндер ежелгі түрік дәуіріне жатады. Неге дейсіз бе? Бұл кезеңнің мүсіндерінде оң қолындағы тостағанмен бейнеленген ер адамдар әдетте төртбұрышты тас қоршаудың шығыс жағына қойылатын болған. Ал, Талғар қаласының маңы мен Таутүрген ауылынан табылған тас мүсіндер қыпшақ кезеңіне тән. Қыпшақ мүсіндерінде екі қолында ыдысы бар ерлер де, әйелдер де бейнеленген. Олар қорған үйіндісі түріндегі құрылыстың ортасына немесе шығыс жағына орнатылады. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы экспозицияға сақ дәуірінің музейлендірілген қорғаны және сақтардың символикасына сәйкес күн шеңбері түрінде тастардан қаланған символикалық шытырман (лабиринт) кіреді.
– Әңгімеңізден көп жайларға қанықтық. Енді мынаны айтыңызшы, «Алтын адамның» елдік санаттағы символикалық мәні туралы көзқарасыңыз қандай?
– Атамекен топырағында жатқан «Алтын адамның» біз үшін мәні де, құны да өте жоғары. Оны алтынмен аптап жерлеуінде болашаққа арналған үлкен ишара жатқан тәрізді. Бағаңды біл дегені шығар деп ойлаймыз. Ғалымдар сақ ханзадасы киімінің үш нұсқасын жасады. К. Ақышев жобасы бойынша, 1970-1973 жылдары В.Садомсков «Алтын адамның» киімін, бас киімін, етігі мен қару-жарағын қалпына келтірді. Бұл нұсқа бірқатар елдің көрмелерінде көпшілікті жалт қаратты. Суретші-реставратор А. Танабаев 1995 жылы киім үлгісін ұлттық нақышта кескіндеді. Дәл осы шебер 1997 жылы Мемлекет басшысының қалауымен «Алтын адамның» тәжін қайта қалпына келтірді. Бұл дегеніңіз – жай жұмыс емес, ғылыми ізденістермен шендескен шығармашылық тұжырым еді. «Алтын адамның» салтанат киімінің әшекейлері, сақтар мифологиясының киелі ойларынан хабар беретін ежелгі өнер сюжеттері Қазақстан Республикасының елдік символикасына кірді.
– «Есік» қорық-муз йін айтқанда, Бекен атаны, «Алтын адамды» алғаш тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовты айналып өтпейміз. Саналы ғұмырын киелі шаңыраққа арнаған жан. Ол кісі хақында не дейсіз?
– Бекен аға академик Ә.Марғұлан мен профессор К.Ақышевтің мектебін меңгерген талантты археолог еді. Жеріміздегі жаңалықтарға ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын. Тарих, археология және музейтану бойынша 150-ден астам ғылыми мақала жазды. Бекмұханбет Нұрмұханбетов 2010 жылдан өмірінің соңына дейін біздің музейде қызмет етті. Тәлімгер десең – тәлімгер, ұстаз десең – ұстаз! «Алтын адамды» ашқаны үшін, адамгершілік өнегесін көрсеткен талантты тұлға болғаны үшін қарапайым халықтың өзі Бекеңді ерекше құрметтеді. Ол кісінің өзін «Алтын адам» деп атап кетті. Бұдан артық марапат пен баға болмайтын шығар. Өзінің жұмыс бөлмесін қазір толықтай экспонатқа айналдырдық. Мұнда келіп Бекен атаның сіңірген еңбегін тамашалайтындар аз емес. «Алтын адам» музейі, көне жәдігерлерге толы қорғандар, Алатаудың әсем табиғаты, сарқырамалар мен шатқалдар әлем туристерін қызықтыратын киелі әрі кешенді орынға айналады деген сенім зор. Туристік жаңа жобалардың өріс алып, жүзеге асатын кезеңі тым жақын деп ойлаймын.
– Лайым солай болсын, әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Болат МӘЖИТ