Алматы облысында әтеш төбелестіріп, пайда тапқандардың үстінен іс қозғалды. Бұған дейін Алматы облысында әтештер арасында төбелес «кештері» өтетіні жайлы видео желіге шыққан.
«Алматы облысы Іле ауданы Қоянқұс ауылының тұрғындары ештеңеден қорықпайтын әтештердің арасында шайқастар өткізеді. Мұнда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың көріністері бар… Заң бойынша төбелес ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған», – делінеді желідегі жазбада.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желі арқылы 5 тамызда Іле ауданы Қоянқұс ауылында әтештер арасында төбелес ұйымдастырылғаны анықталған.
«Аталған дерек Іле ауданының полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 307-бабы «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бойынша тіркелді. Жиналған материалдар Алматы облысының экономикалық тергеу қызметіне тапсырылады», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.