Елімізде қыс мезгілі қарсаңында көмір тапшылығын болдырмау үшін көмірді заңсыз экспорттауға қосымша шектеу қойылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндірмеу мақсатында ведомство тас көмір немесе қоңыр көмір өндіруге рұқсаты жоқ немесе оны байытумен айналыспайтын кәсіпкерлердің көмірді теміржолмен экспортқа шығаруына шектеу қоятын құжат дайындап жатыр.
Былтыр қыстың қарсаңында еліміздің шекараға жақын кейбір өңірлерінде тұрғындар көмір таба алмай, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар мен басқа да әкімшілік ғимараттарға көмір тапшылығы туындаған еді. Министрлік мұны елдің ішкі нарығына арналған тұрмыстық мақсаттағы көмірді арзан бағаға сатып алып, оны сыртқа қымбатқа сатқан жосықсыз кәсіпкерлерден көреді.
Осыған байланысты биыл мамыр айында аталған министрлік көмірді ел аумағынан көлікпен шығаруға тыйым салған.
Ведомство жаңа шектеу шаралары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Республикалық тау-кен өндірушілер және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар ассоциациясы» одағының, көмір өндіруші кәсіпорындарының келісімімен енгізілетінін айтады.
Қазақстанда жыл сайын халық қысқа қамданатын күз айларында көмір тапшылығы туындап, бағасы қымбаттайды. Үкімет көбінесе оған алыпсатарларды кінәлайды.
Былтыр Қазақстан барлығы 118 миллион тонна көмір өндіріп, оның 29,5 миллион тоннасын шетелдерге экспорттаған.