Алматыға жақын іргелі елдімекендердің бірі – Есік қаласы мен Шелек ауылы арасында №201 бағыттағы маршрут 9 тамыздан қайта жүре бастады. Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Шелектен шыққан қоғамдық көлік Есік қаласына дейін жолай Қаратұрық, Ащысай, Тескенсу, Қазақстан, Бәйдібек би, Қаракемер, Түрген, Көктөбе ауылдарын басып өтеді. Жолақысы қолма-қол төлеген жағдайда 150 теңге, электронды карта арқылы төлесе 80 теңге. Тұрғындар электрондық картаны автобус жүргізушісінен сатып ала алады.
Жолаушылар автобусы Шелек ауылынан сағат 8:00, 10:20, 13:00, 15:20-да жүреді. Ал Есік қаласынан сағат 10:20, 13:00, 15:20, 17:20-да жолға шығады.
Алматы облысында бұрын тоқтап жолаушылар маршруттары біртіндеп қайта іске қосылып жатыр. Айталық, биыл маусым айында Талғар мен Есік қалаларының арасында пандемия кезінде тоқтап қалған маршрут қайтадан жолаушылар тасымалдай бастады.
Бұған қоса, Алматы қаласының әкімдігі бұған дейін қала маңындағы елдімекендердің тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін қала маңына қатынайтын 10 жаңа маршрутты іске қосуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Жжаңа бағыттар қала шегінен 50 шақырым радиуста орналасқан Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекенді қамтиды.