Коронавирус пандемиясы мен оған қатысты енгізілген шектеулер Алматы облысында ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне, оның ішінде вирусты гепатит жұқтыру деңгейінің артуына әкеліп соқтырды. Бұл жайында бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Қапсаламова айтты. Баспасөз мәслихатында ол өңірдегі вирусты гепатитке қатысты эпидемиологиялық ахуал, оның таралу ауқымы, оның ішінде мектептердегі жағдай туралы мәліметпен бөлісті.
Спикердің сөзінше, облыс бойынша биылғы жылдың 7 айында 181 адам вирусты «А» гепатитін жұқтырған, оның 72-сі, яғни 40 пайызға жуығы 14 жасқа толмаған балалар. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14 жасқа дейінгі балалар арасында 10,05 есеге, 14 жастан жоғары тұрғындар арасында 11,22 есеге көбейген. Былтыр дерттің бұл түріне барлығы 16 адам шалдықса, оның 7-еуі бала болған. Бұл ауру түріне шалдығу деңгейі Іле (21,7), Талғар (12,7), Балқаш (11,6) аудандарында облыстық көрсеткіштен жоғары.
Білім ошақтарындағы эпидемиологиялық ахуал да бұрнағы жылдардан әлдеқайда нашарлаған. Сәулет Қапсаламова келтірген деректерге сенсек, өткен оқу жылында мектептерде вирустық «А» гепатитін жұқтыру деңгейі 13 есеге артып, 60 мектепте 76 оқушы аталған ауруға шалдыққан. Салыстырып қарайтын болсақ, 2021-2022жж оқу жылында небәрі 6 оқушы гепатитпен ауырған. Аталған сырқат таралған мектеп саны бойынша да Алматы облысы республикалық көрсеткіштен 2,8 есе асып кеткен. Облыста вирусты гепатитке шалдыққан оқушылардың үштен екісіне жуығы Іле, Қарасай, Талғар аудандарындағы мектептерде оқиды. Мектептердегі эпидемиологиялық ахуалдың нешерлауына
Сәулет Баймұхамбетқызының айтуынша, вирусты гепатит – адамның бауыры бес түрлі гепатит вирусы – A, B, C, D, және E-ден қабынғанда пайда болады. Бұл вирустар түрлі жолдармен таралады. Айталық, А және Е гепатиті су арқылы және лас тамақ өнімдерін тұтынғанда, оның ішінде көкөністерді жумай жегенде, жеке гигиеналық талаптарды сақтамаған жағдайда тараса, В гепатиті қан және басқа да денеден шығатын сұйықтықтар арқылы таралады. С гепатиті болса негізінен гепатитке шалдыққан қан арқылы жұқса, D гепатиті В гепатитіне шалдыққан адамда қосымша инфекция ретінде тарайды.
Аталған вирустар тәніне түскен адам шаршап, тәбеті қашады, денесі қызып, сарғайып, жедел гепатитке шалдығады. Науқастардың көбі негізінен бұл сырқаттан толығымен айығып кетеді, әйтсе де бірен-саран жағдайда ол өлімге душар етеді. Ал В және С гепатитінің инфекциясы созылмалы түрге ауысып кетсе, цирроз және бауыр ісігіне әкеліп соқтырады.
Эпидемиолог маманның айтуынша, вирусты гепатиттен сақтану жолдары да әрқилы. Мысалы, А және Е гепатитінің алдын алу үшін дәретханадан кейін, тамақтанар алдында, қоғамдық орындарға барып келген соң қолды мұқият сабындап жуу керек. Көкөніс пен жеміс-жидектерді тұтынар алдында мұқият жуу, суды қайнатып ішу де кеселге тап болудан сақтайды.
Әзірге вирустық гепатиттің В түріне ғана қарсы екпе бар. Алғашқы екпе сәбилерге перзентханада, одан кейін 2-4 айда салынады. Вирустық гепатиттің В, С және D түрлері дұрыс зарарсыздандырылмаған және бір реттік медициналық құралдарды бірнеше рет қолданғанда, қан құйғанда, науқастың гигиеналық заттарын, науқастың есірткі инесін қолданғанда жұғады. Сәулет Баймұхамбетқызы сән салондары мен ине қолданып медициналық қызмет көрсететін күмәнді орындарда вирусты гепатит жұқтырып алу қаупі барын айтып, аталған қызмет түрлеріне жүгінгенде абай болуға шақырды.
Вирусты гепатит әлемде ең көп таралған ауруларға жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жылына 5 млн адам В немесе С вирустық гепатитінің созылмалы түріне шалдықса, 1,4 млн адам гепатиттің әр түрінен көз жұмады.