Алматы облысы Қаскелең қаласында перзентханада жатқан әйел ғимараттың үшінші қабатынан секіріп кетті. Бұл туралы заңгер әрі блогер Сәуле Бикитеева Іnstagram парақшасында хабарлады.
Жүкті әйел төрт күн бұрын Қарасай ауданы орталық ауруханасының перзентханасына түскен.
«Науқас үшінші қабаттан құлады. Ол кісі бізге төрт күн бұрын түскен. Осымен үш жүктілік болған, үшеуі де сәтсіз аяқталған. Бірінші баласы ішінде шетінеген. Екінші баласын экомен көтерген. Ол баласы 26 аптасында тағы солай келді. Жоспарлы түрде ота жасалды. Үш баласын да жоғалту оңай емес қой. Босанудан кейінгі күйзеліске түскен болар? Қасында медбике дәрісін беріп тұрған. Медбикені итеріп жіберіп, секіріп түскен. Перзентханаға түскенге дейін бала ішінде өлі болған. УЗИ-де анықтағанда қозғалмай қалған екен, баланың жүрегі тоқтаған, солай перзентханаға түскен. Кесарь тілігі жасалғаннан кейін үшінші күні секірген», – дейді аудандық аурухана дәрігерлері.
Перзентхана қызметкерлерінің айтуынша, әйелдің екі қолы жарақаттанған.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.