– Дәулетбек Байтұрсынұлы, ширек ғасырға жуық тарихы бар балаларға арналған танымдық журналға соңғы кезде сіз бас редакторлық жасап келе жатырсыз. «TikTok» желісіне телмірген бүгінгі ұрпақты мерзімді басылым оқуға тартудың жолы қиын болып жүрген жоқ па?
– «Мөлдір бұлақ» журналының тұңғыш нөмірі 2002 жылы ақпан айында жарық көрді. Журнал кезінде халықаралық «Қазақстан – заман» газетінің қанаты астында өмірге келді. Қазір «Қазақстан дәуірі» газетінің аясында шығып жатыр. Бұл басылымда менің істей бастағаныма екі жылдан асты. Өте бір қиын кезге тура келіп отырмыз. Біріншіден, кітап, газет-журнал оқу тоқыраған кезге тап болдық. Екіншіден, телефон, әлеуметтік желі бәрін ығыстырып, тұтас қоғамның назарын бұрып алды. Соның ішінде балаларға тіпті де болып берді. Әрі себеп, әрі ойын. Не іздесең, бәрі соның ішінен табылады. Ащылап келіп науадағы тұзға үймелеген қой секілді балалар одан басын ала алмай қалды. Үшіншіден, бір «жаңалықшыл» экс-министріміз: «Басылымға жазылуды мәжбүрлеуге болмайды», – деді. Бұл сөздің шын мәні балалардың жүгін ауырлатпаңдар, ата-аналарға қаржылай салмақ түсірмеңдер дегенді меңзеп тұр. Бірақ бұл «мәжбүрлемеңдер» деген сөз жаздырмаңдар, оқымаңдар деген бұйрық сыңайда желдей есіп, қай жерге барсақ алдымыздан шығады. Балалар журналын мектепте жаздырып алып оқымаса, онда кім оқиды? Міне, осындай үш себеп журналдың таралымына үлкен кедергі келтіріп, өрісін тарылтып жіберді. Мектептегі ұстаздар жазылуға насихат жасамаса, ата-ана аздаған қаражатын бөліп қолдамаса, бала қанша жерден оқығысы келсе де, алуға мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне әр отбасы, әр ұстаз баланы оқуға, қағаз парақтауға үйрету керек, ауыздандыру керек. Онсыз дәмін алмаған, мәнін түсінбеген бала ешқашан журнал оқымайды.
Сондықтан да, бүгінгі «TikTok» билеген заманда балаларды қағаздан оқыту қиынның қиыны болып барады. Ежелден бері жалғасып келе жатқан классикалық үлгі газет-журнал оқу тұйыққа тірелді.
– Балалар әдебиетін дамытуда өзіңіздің де біркісідей үлес қосып келе жатқаныңыз белгілі. Мәселен, «Мейірім» мен «Несібелі апа» хикаяларынан тұратын «Өлместің суы бар ма?» атты кітабыңызда ұрпаққа үлгі болар ғибраттар көп. Осы туындыдағы оқиғаларды өз басыңыздан өткергеніңіз рас па?
– Аталған «Өлместің суы бар ма?» деген кітабым арнайы балалар әдебиеті жанры бойынша жазылған кітап емес. Бірақ сіз айтқандай сол кітаптың ішіндегі бірнеше шығармада балалар өмірінен алынған оқиғалар мен балалық балдәурен туралы толғаныстар бар. Кітапта эссе және әңгімелер орын алған. Ол кітаппен бірге «Төлеген оқыған хат» деген кітабым да біршама кең оқылды. Бұл кітап публицистикалық ой-толғаулардан тұрады. Осы екі жинақтың балаларға беретін пайдасы мол деп айтуға болады. «Естігеніңді айтсаң өтірік болады, көргеніңді айтсаң шын болады» демекші, осы екі кітаптағы дүниенің дені бастан өткен, көзбен көрген, қолмен ұстаған нәрселер. Сондықтан шынайылыққа мән берілгендіктен, оқушыларға да әсерлі болды. Басылым беттерінде, әлеуметтік желіде үлкенді-кішілі 80-ге тарта пікір жазылыпты. Олардың арасында қарапайым оқырманнан тартып, белгілі қаламгер, сыншыларға дейін бар. Демек, оқыған кісілер бей-жай қалған жоқ. Әркім өз түсінгенін айтып, пікірлерін білдіріп жатты. Осыған қарағанда жүректен жазылған дүние жүрекке жететініне көзіміз жетті.
Сіз айтқан «Мейірім» мен «Несібелі апа» деген екі еңбегімдегі бала кейіпкер – өзім, шынында менің басымнан өткен оқиғалар. Сол арқылы дәуірді, замана тынысын бейнеледік. Шығарма нанымды, әсерлі болып шыққанға ұқсайды.
– Дәуке, әдебиетпен бірге журналистика саласында да тер төгіп келесіз. Сұрайын дегенім, бүгінгі журналистиканың кәсіби деңгейі қалай? Өз міндетін лайықты атқарып жатыр ма? Әлде бұл салаға өзгерістер қажет пе?
– Әдебиетші ретінде өмір сүру, ақын болып жазу, жариялату, көркем әдебиет арқылы қызмет ету – басты борышым. Бірақ, әдебиетшілерге ақша төлейтін, еңбегіне қаламақы беретін мекеме жоқ. Қазақстанда бірыңғай жазушы болып немесе тек қана ақын болып өмір сүру мүмкін емес. Ақын болып том-том кітабыңды көтеріп жүріп аштан өлесің. Жинағың жарық көрген күннің өзінде одан қаламақы алу жоқ. Сатылып ақша түсірмейді, әдебиеттің базары жоқ. Ақшасыз өмір сүруге болмайды. Ендеше, қаламгерлердің журналист болып кетуінің сыры өмір сүрудің қажеттілігінен туындаған шарасыз тірлік. Олар журналист ретінде газет-журналдарға жалданып жан бағып жүр. Өйткені, журналистке жалақы береді. Сондықтан жазушылық пен журналистиканың ара жігі жақындап, көркем әдебиеттің сапасына нұқсан келтіріп жатқаны шындық.
Журналистер өз міндетін адал атқарып жатыр. Жазатын дүниелерді барынша қаузап, қоғамдық, мемлекеттік мәселелерді көтеріп басылым бетіне шығарып келеміз. Публицистикалық ой-толғаулар, саяси сараптаулар да аз емес. Сыни пікірлер де толассыз бой көрсетуде. Сонда да журналистердің бет-беделі, атақ-абыройы өте төмен. «Баспасөз төртінші билік» деген сөз кезінде айтылғанымен, қазір түк те құны жоқ. Олай болатыны журналистердің құқын қорғап, олардың жазғанынан қорытынды шығарылуы керек.
– Бүгінде зиялы қауымның беделі түсіп кеткендей, тіпті, «зиялы қауымның өзі бар ма?» деген сұрақ ашық қойылатын болды. Бұл неліктен? Әлде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистердің сенсация қуып, түрлі тұлғаларды әшкере қылуының салдары ма, әлде зиялы қауым өкілдері ретті-ретсіз билік өкілдері мен іскер қауымның сөзін сөйлеп, өздерінің қадірін кетірді ме?
– Біз ылғи айтып жүрген «зиялы» деген сөздің мағынасы – нұрлы адамдар деген сөз. Нұр деген – Алланың 99 сипатының біреуі. Ендеше зиялы болу үшін, ең әуелі, иманды, инабатты, әділ, турашыл, бірсөзді, көреген, көсем, көркем мінезді адам болуға тиісті. Сонда ғана ол зиялы болады. Оның өн бойынан илаһи сипаттар көрініп тұру керек. Өзі көпті иландыра алатын, парасатпен сөйлейтін, сөзі мен ісі бір жерден шығып отыратын адам, жұрттың алдында әділ, турашыл, топ бастайтын шешен, сөз бастайтын көсем бола алса, ол нағыз зиялы. Осы күнде біз бірнеше дипломы бар, атақ-дәрежесі жоғары, шен-шекпені бар адамды «зиялы» деп жүрміз. Пенде әйтеуір бір жолдармен білім алуы мүмкін, атақ қорғауы мүмкін, мансапқа да қолы жетуі мүмкін. Бірақ оның бойынан адамдық құндылықтар көрінбесе, кісілік болмысы жарқырап тұрмаса, ол ешқашан зиялы бола алмайды.
Бүгінгі таңда күні үшін «жем» жеп, қарынның қамы, қалтаның қалыңдауы есебіне бола өмір сүріп келе жатқан, сансыз атақтарға жеткен инсандарды зиялыларға қоса алмаймыз. Сондықтан да, «қоғамда зиялылар жоқ» деп қалатын кездер жиі ұшырасады. Қысқасы, зиялының орнын диплом басты. Зиялы деген сөздің шын мәніндегі екінші мағынасы текті деген сөзге жақын. Зиялы адам текті болады, текті кісі зиялы кісі болатыны анық. Тағы бір күлкілі жағдай, осы күні байшыкештерді, байларды «текті» дейтін болыпты. Әрине, байлардың арасында да зиялылар мен тектілер бар. Бірақ байдың бәрі текті, оқығанның бәрі зиялы емес.
– «Алпыс – талтүс» демекші, алпысқа да келіп қалыпсыз. Біздің байқауымызша, алпысқа баяғыда атбасын тіреген сияқты көрінесіз. Әлде ерте есейгендер санатынансыз ба?
– Сөзіңіздің жаны бар. Біз келген Қытайда 1990 жылдарға дейін баланың туу туралы құжаты, паспорт жасау ісі бірізділікке түспеген еді. Аналар отбасында, үйде босанатын. Алыс ауылдағы диқан-шаруалар бала туған соң айлап, тіпті, жылдап туу туралы куәлікті ала алмайтын. Құжат алуға барғанда, не туған күнінен жаңылып қалатын, не болмаса өзіне ыңғайлы бір күнді айта салатын. Кейде, тіпті, бір жас, екі жас қостырып жаздыра салатын. Оны тексеріп жатқан адам болмайтын. Қытайдағы санақ мәселесі де ол кезде нақтылы емес еді. Мұны айтып отырғаным, мен 1964 жылы тусам да, 1963 жыл деп жаздырыпты. Мұның бірінші себебі, балам есейгенде келіншекті ертелетіп әперемін деген ойлары ғой. Себебі, Қытайда үйленуге кәмелеттік жас 18 болып белгіленген екен. Бір жыл бұрын үйлендіріп, немерелі боламыз деген армандары шығар.
Екіншіден, сіз айтқандай, 60 жасқа ерте толып кеткен секілді көрінетініміз де шын. Хакім Абай айтқандай, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп, 30 жасымызға дейін шетелде сары уайыммен өстік. Отанға оралған соң «тар жол, тайғақ кешуге» кездестік. Әуелі күнкөріс қамы басты жоспарға шықты. Онан соң аңсап келген Отанымыздағы шығармашылығымыз туралы бас қатырдық. Сондықтан да қатарымызбен салыстырғанда тез есейдік, анығын айтқанда ерте «қартайдық».
– Қытай тілін білесіз, ұйғыр тілін қалай үйреніп жүрсіз?
– Қытайда біздің кезімізде қазақ мектептері болды, әр ұлттың балалары өз ана тілінде оқитын еді. Орта мектепте қытай тілі пәні аптасына екі сағат өтілетін. Сол арқылы үйрендік, көшеге шықсақ, бір жерге барсақ, жиналыстарға қатынассақ, әңгіме қытай тілінде болатындықтан қоғам бізді еріксіз үйретті. Кейін жоғары оқу орнына түскенде кәсіптік жақтан біршама үйрендік, іздендік. Десе де, қытай тілін тұрмыстық деңгейде ғана білемін, әдеби және саяси мәселелерге араласа алатындай, оқитындай, аударатындай қабілетім жоқ. Ауызекі тілді ғана меңгердім. Одан сырт ұйғырша, қырғызша, моңғолша тілдерді қытайшадан гөрі анағұрлым ілгерілеу меңгердік. Өйткені, осы үш ұлтпен тығыз араласып өмір сүрдік. Толық ортаға келгенде кітапты көп оқыдық. Ол кезде қазақшадан бұрын ұйғырша кітаптар алдымен шығатын, саны қазақшадан гөрі көптеу болды. Шетел әдебиетінен аудармалар бірінші рет ұйғыр тілінде жарық көретін. Біз қазақшаны күтіп отырмай-ақ, ұйғыршасынан оқи беретінбіз. Әне, сол кітапқұмарлық ұйғыршаға терең еніп кетуімізге себеп болды. Оның үстіне мен өскен Іле, Өртекес ұйғыры көптеу, өзге ұлттар да тығыз қоныстанған өңір болатын. Ол да қатты әсерін тигізді. Кейін Қазақстанға келген соң, ұйғыр әдебиетінен, қырғыз әдебиетінен аудармамен айналысып кетуіме сол балалық шақтағы қызығушылық ықпалын тигізді.
– Ұйғыр әдебиетіне сіңірген еңбегіңіз үшін меценаттар клубы тарапынан бірінші дәрежелі «Ильһам» сыйлығымен марапатталғаныңызды білеміз. Сыйлықты нақты қандай еңбегіңіз үшін алдыңыз?
– Тарихи Отаным Қазақстанда тұрып келе жатқаныма отыз жыл болды. Осы уақыттың ішінде жолымызда кездескен ұйғыр ұлтының өкілдерімен дұрыс байланыста екенім анық. Адам баласы тіршіліктің ыңғайына қарай, күнкөрістің өрісіне бейімделеді. Әсіресе, 2005 жылдан бері ұйғыр қаламгерлерімен араласшылығым біршама тереңге кетті. Жасымнан ұйғырлармен бірге өскендіктен, ұйғыр әдебиетін тікелей ұйғыр тілінде оқып ержеткендіктен ұйғыр тіліне біршама кемелді болдым. Аталарымыздың достары да ұйғыр болды. Ол байланыс әкемізге, онан бізге ауысты. Орта мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде Гүлсімхан деген ұйғыр апамның үйінде жатып оқыдым, қолынан дәм таттым. Лағманын, мантысын жеп, еткен шайын ішіпөстім. Осының бәрі өмірімізге ықпал жасады. Қазақстанға келген соң сол Гүлсімхан апам туралы «Мейірім» деген әңгіме жаздым. Ол Абдулжан Азнабақиевтің аудармасымен «Уйғур авази» газетінде басылды. Үрімші қаласында университетте тікелей ұйғырлармен бірге оқыдым, жатақханада бірге жаттым, сабақ, ас-тамақ, іс-шаралар ұйғырлармен араласып өтті.
Қазақстан Жазушылар одағында «Әдебиет айдыны» газетінде жұмыс істеген жылдардан бастап ұйғыр жазушыларымен таныстым, шығармашылық байланыста болдық. Ең әуелі жазушы, драматург Ахметжан Ашири аға, онан соң жазушы Шайым Шаваев ағамен, Қуршида Илахунова апамен байланыс орнаттым. Олардың көркем әдебиетін қазақ тіліне аудардым, жарыққа шығуына себеп болдым. Мәсумжан Зулфыһаров, Абдумижит Дөләтов қатарлы ақындардың өлеңін аудардым. Ахметжан Ашири мен Дүрнәм Машурованың романдарын аудардым. Патигул Мәхсәтова ханымның өлеңдер жинағын, Авут Масимовтың әңгіме-повестерін, Акрам Ахметов деген драматургтің пьесасын, мемлекет және қоғам қайраткері Шаймардан Нурумовтың әңгіме және публицистикалық мақалалар жинағын тәржімаладым. Осы шығармалар кітап болып шықты. Оқырман қолына жетті. Бұдан басқа Тельман Нурахуновтың, Рәхмәтжан Юсуповтың, тағы басқа ғалымдардың әр тақырыптағы мақалаларын қазақшаға аударумен келе жатырмын. Жалпы ұйғыр тілін білуден басталған сапар шығармашылыққа, достыққа жалғасты. «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Эршат Әсмәтов, журналист Шамшиддин Аюпов, Шаукат Ахматжан қатарлы бауырларыммен жақсы байланыстамыз. Аталған газет мен туралы дүниелерді, менің аудармаларымды үздіксіз басып келеді.
Осы жылдар ішінде көрнекті драматург, классик жазушы Ахмет Ашири акамызбен өте тығыз шығармашылық қарым-қатынастамын. Жоғарыда айтқанымдай, «Дили Зия» романын, «Яалғуз Ялпуз», «Шарбақ» қатарлы пьесаларын қазақ тіліне аудардым. Отызға жуық мақаласын қазақшаладым, олар республикалық барлық басылымдарда жарық көрді. Ахметжан ака 80 жасқа толғанда «Сегіз ғасыр және сексен жыл» деген көлемді мақала жазып, оны республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанда» жариялаттым. Ол мақалада жазушының шығармашылық еңбектері сегіз ғасырды қамтитынын, жасы сексенге келгенін талдап, таразыладық. Сол Ахметжан ака биыл 85 жасқа келіп отыр. Ол кісі нағыз қадірлеуге, насихаттауға лайық тұлға.
Менің осы еңбектеріме бола «Ильһам» сыйлығы берілді деп айта аламын. Бұдан өзге Қырғыз ұлттық Жазушылар одағының «Молда бағыш» атындағы әдеби сыйлығын алдым.
– Енді ептеп кері шегініп, әдебиетке келу жолыңыздан да аздап мағлұмат бере кетсеңіз?
– Әдебиетке келуімізге мектепте жүргенде тікелей ықпал еткен ұстазым болған жоқ. Құдай берген түйсік деуге келеді. Біріншіден, қазақстандық кітаптарды оқу әдебиетке баурады. Қазақстан қолданатын кирилл жазуын әкем маған 4-сынып оқып жүргенімде үйреткен, соның пайдасы көп тиді. Екіншіден, «Қазақ радиосы» мен «Шалқарды» үнемі тыңдайтынбыз. Ол біздің қиялымызды қиырларға алып ұшатын. Үшіншіден, Қытайдағы қолға түскен бар кітаптың тереңіне баттық. Әсіресе, көркем аудармалар әсер етті. Ойлап қарасам, мені әдебиетке кітап оқуға деген құштарлық алып келген екен. Ұстазым адам емес, сол адамдар жазған кітап болды.
– Қазіргі билікті сынаушылар өте көп. Сіздер көбінде көршілес мемлекеттегі ахуалмен салыстыра қарайсыздар. Біздің алдымызда қандай жол тұр деп ойлайсыз?
– Нағыз өнер адамдары, шығармашылықтың жолындағы кісілер өзінің сүйген кәсібінің, арманының соңында өтеді. Сол жолды қуып жүріп сүрінеді, тұрады, таланты бар болса, жеңіске жетеді. Ал, нақты бір саладан, мамандығы жоқ, бар болса да, істете, қолдана білмеген адам саясатшы, қайраткер, «шешендерге» айналады. Өйткені, өзінің нақты ісімен табысқа жете алмаған адам, кемшілікті өзгеден, қоғамнан, биліктен іздейді. Соның соңы көпсөзділікке ауысып, сынаушы, мінеушілердің қатарын толтырады. Бүгінгі қоғамнан оны көріп те жүрсіздер.
Енді өзінің білімін оңды пайдаланған ғалым туралы айтайын. 2002-2022 жылдары Қазақстанда өмір сүрген тарихшы Тілеуберді Әбенайұлы деген талантты, жанкешті азамат 20 жылдың ішінде ешкімге көрінбей, жалтақтамай жүріп-ақ, Отан құшағында Шыңғысхан тарихына байланысты таңдаулы он том жазып, қалдырып кетті. Сол арқылы шыңғысхантануға өлшеусіз үлес қосып, әлемді, Қазақстанды жаңа тарихи кезеңге шығарды. Өйткені, ол өзі білетін саласы арқылы елге еңбек етті. Басы артық бөтен шаруаларға бас сұққан жоқ.
Адамға көргені әсер етеді. Біздер басқа елден атажұртқа келгендігіміз үшін, естігеніміз бен мұндағы көргендеріміз бірден салыстыруға алып барады. Онда олай, мында былай деген содан басталады. Әр мемлекеттің өз жүйесі, өз заңы бар. Артықшылықтар мен кемшіліктер бірден бадырайып көрінеді. Оның үстіне біздер қоғамдық бір формациядан екінші бір формацияға ауысып жатқан өліара сәтте келдік. Қалайда маған ұнаған басты артықшылық: өзімнің Тәуелсіз Отаныма келгенім, ұрпағымды бейбіт, бостан елімде оқытып, тәрбиелеп жатқаным, шығармашылығыма еркін, кедергісіз алаң ашқаным болды. Енді бұдан артық маған не керек?! Саясат, экономика, қоғамдық заңтүзім менің құзырымдағы шаруалар емес. Оған тіпті ақыл-ойым да, қабілет-қарымым да жетпейді. Әркім қолы көтере алатын шоқпарды ғана қанжығасына байлағаны жөн. Әлін білмегендер әлек болады. Осы мақсаттың жолында онға жуық өлеңдер жинағым, түрік, әзербайжан, ұйғыр, қырғыз, өзбек тілдерінен онға жуық кітап аудардым және олар басылып шықты. Мен тек өзімнің көмбемді ғана көздедім, өзгелердің егініне түскен жоқпын.
Біздің асқан екі ірі елдің арасында өмір сүруіміз әрі бақытымыз, әрі қорқынышымыз. Бақытымыз болатыны біз оларға қарап бой түзейміз, әріптестік деңгейге қарай ұмтыламыз, тереземізді теңестіруге тырысамыз. Тіпті, басып озуға жанымызды саламыз. Ал қорқынышымыздың болатыны саясат деген ұстараның жүзіндей қылпылдап тұр. Билік басындағы адамның ниетінің, жүйенің ішкі есебінің әралуан болуына байланысты аяқастынан өзгеріп сала беруі мүмкін. Оның үстіне екеуі де атышулы империя, терең қатпарында не жасырынып, қандай иттің өліп жатақанын білмейсің. Сондықтан біздің биліктің басында отырған Президент, оның айналасындағы мемлекетшіл команданың ішкі сырын біз де білмейміз. Кейбір мәселені халыққа айтуға болады, кейбір аса маңызды, құпия астары бар мәселелерді айтып отырудың қажеті жоқ. Жұрт өзінше көсем, өзінше білгішсініп жатады. Бізде Тәуелсіздікті сақтап қалу, оны баянды жалғастыру өте маңызды. Соның жолында ұлтқа, қоғамға ұнамайтын салдарлар туындап қалуы бек мүмкін. Оған бола билікті жоққа шығаруға болмайды. Оның сыры бес жылдан соң, он жылдан соң ашылып жатады. Алауыздық тудыратын ішкі соғыстан, бөлшектенуден сақтануға тиіспіз. Сыртқы жаулардың арандатуы мен орайын тауып бас салатын қаскүнемдігінен барынша сақтанған дұрыс. Ал қалған ғасырлар бойы қордаланып қалыптасқан кедергілер бірте-бірте жойылады. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген бабалар сөзінен жаңылмауымыз керек. «Асығыстық – шайтанның ісі».
Ал, енді парақорлық пен жемқорлықты түбірінен жою билік басына қойылатын үлкен талап. Жексұрын жемқорлықпен ымырасыз күресуге тиіспіз. Заң-түзімді беріктеу, қатаң шараларға бару бір ғана жолы. Парақорлықты түбірінен жоғалтудың тәсілі қоғамды қалыптастырып отырған адамдарды тәрбиелеу керек. Адамның ішінде де, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақты иманды, инабатты, ақиқатсүйгіш, әділетсүйгіш етіп тәрбиелесек, болашағымыз жарқын болмақ. Біз айтып жүрген «Әділетті Қазақстан» сонда ғана құрылады.
– Әдеби жоспарыңыз қалай?
– Осы кезге дейін жүрекке жүк болып келген дүниелерімді жаздым, жарыққа шығардым. Өлең тілінде кітаптарым да жария болды. Содан соң бес том «Өмірдің өзі» деген күнделік кітаптарымды, «Өлместің суы бар ма?» деген әңгіме-эсселерімді, «Төлеген оқыған хат» деген публицистикалық ой-толғауларымды, «Әділет, шапқат кімде бар?» деген сұхбат кітабымды, «Ерлік ескірмейді» атты сын мақалалар жинағымды жарыққа шығардым. Жоспар деп отырсыз, осы алпыс деген асуға шыққанша «Хылует» деген бір кітапты өмірге әкелсем деп едім, соны әлі орындай алмай келемін. Осы жылы «мемтапсырысқа» бір кітап, Қазақстан Жазушылар одағына бір кітап ұсынып отырмын. Үш мәрте өтініш берсем де, он бес жылдан бері мемлекеттік бағдарлама бойынша жинағым жарық көрген жоқ. Алла қаласа, 60 жасқа толған шағымда осы екі кітабым жарық көріп қалар деп үміттенемін.
– Туған жеріңізді сағындыңыз ба?
– Ата-бабамыздан қалған «Әр кімнің туған жері Мысыр шәрі» деген сөз бар. Туған жердің жөні бөлек. Туған жерге деген сағыныш Қытайға деген сағыныш емес. Мен туған Мұңғұлкүре ауданы Нарынқолдың шекарасы. Ол жер Өртекес деп аталады. Содан шығысқа қарай мың шақырымға дейін алып жатқан ұлан-ғайыр жер Іле, Алтай, Тарбағатай қазақтың кіндік кесіп кірін жуған мекені. Мен сол даланы, сол шұрайлы өлкені, ондағы түтіні тұман болған ел-жұртымды сағынамын. Өзегімде өкініш бар! Көзден бұлбұл ұшқан құйқалы дала, шұрайлы жайылымдар бәрі жат қолында қалды. Мендегі сағыныштың бастауы сол.
– Біздің газетті оқып жүрсіз бе?
– Сіздердің «Алатау арайы» шыт-жаңа газет, өткенде ғана жүзінші саны шыққанын атап өттіңіздер. Құтты болсын! Әлі жазылып үлгермедік, электрондық нұсқасынан оқып жүрмін. Ұйғыр ақынынан аударған бір толғауымды бердіңіздер, сол үшін де сіздерге рақмет! Оқырмандарыңыз көбейіп, таралымдарыңыз күн санап арта берсін!
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ