Жылдағы дәстүр бойынша тамыз айының екінші жексенбісінде тойланатын Құрылысшылар күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс саласының мамандарына құрмет көрсетті.
«Қонаев қаласын дамытудың жаңа стратегиясы анықталды. Ірі жобаларды іске асыру арқылы өңір экономикасы өркендейді. Бизнестің дамуына серпін береді, инвестицияның көптеп тартылуына жол ашылады. Осы ауқымды жұмыстар біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында сәтті жүзеге асырылатынына сенімдімін. Барлық құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Облыстың дамуына үлес қосқан құрылыс саласының ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп, өркендеуі жолында толағай табыстарға жетулеріңізге тілектеспін. Бойларыңызға сарқылмас күш-қуат, еңбектеріңізге таусылмас жетістік, отбасыларыңызға ортаймас бақ-ырыс бұйырсын, – деді облыс әкімі.
Марат Елеусізұлы аймағымыздың шырайын келтіріп жүрген бір топ шебер құрылысшыларды Құрмет грамотасымен марапаттап, ерекше мамандық иелерінің еңбегін еледі.
«Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева облыс орталығында салынатын құрылыс нысандарын тілге тиек етіп, стратегиялық маңызды құжаттың қалай әзірленгені туралы ой бөлісті. Кәсіби маманның айтуынша, мұндай ерекше туындыға қатысу мүмкіндігі әрбір дизайнерге бұйыра бермейтін көрінеді.
«Жобаны жасаған әрбір адам үшін бұл – кәсіби сәттілік. Біз бірнеше қоғамдық тыңдаудан өттік, көптеген келісімдер жасадық. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып, оның тұрақты және үлкен қолдауының арқасында Қонаевтың жаңа Бас жоспарын әзірлеуге қол жеткіздік. Енді бұл – қаланың болашағын айқындайтын заңнамалық құжат, соның арқасында құрылысты толықтай, қарқынды түрде бастай аламыз. Жақын арада қала тұрғындарының саны екі жүз мыңға жетіп, аумағы екі есеге ұлғаяды», – деді Л.Нысанбаева.
Мерекелік шарада сахнадағы үлкен экран арқылы Қонаев қаласының Бас жоспары таныстырылып, облыс орталығының алдағы жылдары қандай болатынын бедерлеген бейнеүзінді ұсынылды.
Жиын соңы «Алатау әуендері» ансамблінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Құралбек Сәбитов