Іле аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Дінмұхамед Кузиев ауданда оқу орталығын ашты. Партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар жұмыспен қамту және жұмыссыз азаматтарға арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру туралы ұсыныстарын білдірген еді. Аталмыш мәселенің өзектілігін ескере отырып халық қалаулысы мәселенің оңтайлы шешілуіне септесті.
Депутат басқарып отырған газобетон шығаратын «Автоклав KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «БЕНТ» зауыты 1987 жылдан бастап еліміздегі теміржолдарға арналған бетон шпалдарын шығаратын бірден бір өндіріс орны. Әлемдік стандарттарға сай шойынжол төсемдерін өндіретін зауыт өндіріс ошағымен қатар биыл өздеріне қажетті мамандарды даярлайтын оқу орталығын ашты.
«Қоғамдық қабылдауларда азаматтардың көбі жұмыссыздық мәселесін көтереді. Сондықтан осы оқу орталығын аштық. Онда 9 мамандық бойынша білім беріледі. Студенттерге 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Жұмысқа орналасқан сәттен алғашқы 2 айда қызметкерлердің жалақысы 200 мыңнан асады, үшінші айдан бастап 300 000 теңгеге дейін көтеріледі. Осыған қарамастан бос жұмыс орны әлі де болса жеткілікті, – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дінмұхамед Кузиев.
Депутаттың айтуынша, орталыққа кез келген жұмыссыз тіркеліп, оқуына мүмкіндік бар. Олар «Бент» зауытына жұмысқа орналаспаса да, басқа жерде қызмет ете алады.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында өңірде 175 мың жұмыс орны құрылу жоспарланған.