14 тамыз – Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күні. Осынау кәсіби мерекеге байланысты Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, Алматы облысы бойынша мемлекеттік қызмет, сот, прокуратура, құқық қорғау органдарының және Қаржы министрлігі қызметі департаменттерінің басшылары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев сала қызметкерлерін айтулы мерекесімен құттықтап, мемлекеттік кірістер органдары ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алатынын атап өтті. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, бюджетке салық пен кеден төлемдерінің тиімді түсуі, халықтың құқықтық сауатын және салық мәдениетін қалыптастырудағы нәтижелі жұмыстарына тоқталды.
– Бюджет түсімін жыл сайынғы межеден асыра орындауға, облыс кірістері көлемінің артуына үлес қосып жатқан қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Үйлесімді жұмыстың нәтижесінде өткен жылы республика бюджеті 103,5 пайызға, жергілікті бюджет 108,3 пайызға орындалды, – деді Рустам Маратұлы.
Сонымен қатар әкім орынбасары Қонаевта қолға алынатын өркенді істерді де тілге тиек етті. Қаланың Бас жоспары бекітілгенін, Академиялық қалашық құрудың жол картасы қабылданғанын, соның арқасында келешекте заманауи университтер ашылатынын, жолаушылар пойызының іске қосылғанын, 1500 пәтерлік 43 үйдің құрылысы жүргізілгенін, келешекте бұдан да ауқымды жұмыстардың қолға алынатынын паш етті.
– Осы жобалардың барлығы біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында сәтті жүзеге асатынына сенімдімін, – дей келе Рустам Исатаев үздік нәтиже көрсеткен департамент қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Атап айтқанда, олар – Еркебұлан Мәретбаев, Әйгерім Алмабай, Гүлнар Алтынбекова, Алуа Қасымханова, Самал Мұсаева және Әйгерім Құрмановалар.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Асхат Тәкебаев бір топ азаматты Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан кейін Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Құлмұханбет Исақов сөз алып, Қонаев қаласына қоныс аударған қызметкерлердің бүгінгі таңда үлкен ұжымға айналғанын мақтанышпен айтты.
– 2022 жылдың қыркүйегінен бастап департаменттің жеке құрамы жаңа облыс орталығына келді. Уақытша қиындықтардан қорықпай Қонаев қаласына 105 қызметкер ауысты. Осы азаматтардың қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Қазір біз нәтижеге ұмтылған айтулы командаға айналдық. Білікті кадрлардың арқасында 2022 жылы мемлекеттік бюджет салық және кедендік төлемдермен толық қамтамасыз етілді. Биылғы жылғы жоспарды да абыроймен орындау үшін қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Жауапты қызметте әрдайым табысқа кенелейік және мемлекетіміздің игілігі үшін зор жетістіктерге бірге жетейік, – деді Құлмұханбет Мырзахметұлы.
Салтанатты шарада ардагерлер де ұмыт қалған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап салық саласында ерен еңбек сіңірген аға буынның есімдері құрметпен аталды. Солардың бірі – Стамшал Үркімбаев. Зейнет жасына шықса да жастарға ақыл-кеңес беруден аянған емес. Ардагер қуанышты күнге арнайы келіп, ақ тілегін ақтарып, әріптестерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Болат Мәжит,
Қонаев қаласы