Оқу-ағарту министрлігі күні кеше елімізде биыл жаңа оқу жылынан бастап мектептерде бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ берілетінін жария еткен. Республика бойынша бастауыш сыныптарда оқитындар саны 1 млн 400 мыңды құрайды. Әйтсе де оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға жарайтын асхана барлық мектепте бар деуге келмейді.
Асханасы жоқ мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілетіні туралы бүгін Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев түсінік берді. Оның сөзінше, қазіргі күні асханасы жоқ 669 мектепте тамақтандырудың бірнеше жолы қарастырылып жатыр.
«Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкіметте бірнеше рет қаралды. Бүгінгі күні осы тапсырманы орындау үшін барлық өңірдің әкімдіктері қажетті қаражатты бөлді. 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Асханасы жоқ мектептерде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандырудың 3 тәсілі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модульді асханаларды құру, буфеттен тамақтану», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 97 мыңнан астам балабақшаға баратын бала да тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Ғани Бейсембаев сонымен қатар биыл қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға көтерілетінін, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орындарды бөлуді ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюдың бірыңғай базасы дайындалып жатқанын, жыл соңына дейін толықтай іске қосылатынын айтты.
Бұған дейін Алматы облысындағы 425 мемлекеттік мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексерген Алматы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті 75 мектептің арнайы асханасы жоғын анықтаған.