Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мен «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері Обсерватория аумағына сенбілік өткізді.
Тазарту жұмыстарына 43 адам, 4 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Обсерватория Түрген шатқалы мен Асы жайлауының түйіскен жерінде, теңіз деңгейінен 2750 метр биіктікте орналасқан.
Асы жайлауына баратын туристер саны жылдан жылға артып келеді. Демалушылар жайлауда шатырларын тігіп, сол жерде түнеп, таудың саф ауасымен тыныстайды. Обсерваторияны сырттай тамашалайды. Әрине, таза ауамен тыныстағанға не жетсін!
Бірақ қоршаған ортаны қорғауға келгенде сараңдық танытқаны адамгершілікке жатпайды. Соның салдарынан жайнаған жасыл жайлау күл-қоқысқа толып, ластанып жатыр.
Ұлттық парк мамандары тау-тасқа, жайлауға шығатын әр адамды табиғатты аялауға шақырады.