Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Еңбекшіқазақ ауданына келіп, ұстаздар қауымымен кездесті. Ауданда салынып жатқан білім ошақтарын аралап, құрылыс барысымен танысты.
Есік қаласының кіреберісіндегі «Рахат» саяжайы маңында орналасқан №1 орта мектебінің ұстаздар қауымы депутатқа саяжайға ауыл мәртебесін беріп, тезірек инфрақұрылым жүргізілсе деген өтініштерін жеткізді. Мектеп мұғалімдерінің 60 пайызға жуығы саяжайда тұрады.
Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов балаларды тасымалдап оқытуға саяжай мәртебесі кедергі келтіріп отырғанын, тиісті деңгейде заңнамалық қолдаулар қажеттігін айтты.
«Заң бойынша мектебі жоқ елдімекендерден балаларды тасымалдауға қаржы бөлінеді. Ал саяжайларда елді мекен мәртебесі жоқ. Бірақ соған қарамастан саяжай балаларын мектептерге тасымалдап жатырмыз. Қадағалаушы органдар бұл әрекетті заңсыз деп танып, айыппұл да салды», – деді Жарқын Нұрғалымов.
Депутат бұл мәселе республика көлемінде өткір көтеріліп келе жатқанын, Мәжілістің жалпы отырысында, Үкімет сағаттарында тиісті орындарға бірнеше мәрте сауал жолданғанын айтты.
«Жасыратыны жоқ, бүгінде елді мекен маңындағы саяжай тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Қаладан баспана алуға шамасы жетпеген азаматтар саяжайларға қоныстануда. Сондықтан саяжай мәселесін шешуге барымызды саламыз», – деді Жанарбек Әшімжан.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаты саяжайдағы 900 орындық мектептің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС, тапсырыс беруші Болар Өтемұратов атындағы қор. Жалпы сомасы 7 млрд теңге болатын білім ошағы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Осылай деген мердігер мекеменің өкілдері 2024 жылы жаңа оқу жылында құрылысты аяқтайтынын жеткізді.
«Құрылыс жұмысына біз толықтай отандық өнімдерді қолданып жатырмыз. Нысанның құрылыс сапасын жергілікті халық қалаулылары бақылап отырады. Сондай-ақ ғимарат келер жылдың соңына қарай толығымен пайдалануға беріледі», – деді мердігер компанияның өкілі.
Құрылыс жұмысын аралап көрген Мәжіліс депутаты бірқатар мәселелерге назар аударды.
«Мердігерлер мектепті уақытында аяқтауы тиіс. Әрине, бірінші кезекте мектептің құрылысы жоғарғы деңгейде болса дейміз. Сонымен бірге сапалы құрал-жабдықтармен қамтамыз етілуін, барлық стандарттарға сай болуын, яғни құрал-жабдықтарға, зертханалардың дұрыс орналасуына да бақылау қажет», – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.
Бүгінде №1 Рахат орта мектебіне оқушылар сыймай әлек. Оның үстіне 1500-ге жуық саяжайлық балалар Есік қаласына тасымалданады. Аталған мектеп пайдалануға берілсе, бірнеше мәселе оң шешімін таппақ.
Саяжай маңында заман талабына сай тағы бір білім ошағы бой көтеруде. Жалпы құны 5 млрд теңге болатын 1475 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы жеке инвестордың қаржысына салынып жатыр. Мектеп ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Депутат жергілікті әкімдікке аталған нысандардың және «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.