Қазақ тазысы тұңғыш рет Женевада өтетін халықаралық “World Dog Show-2023” иттер көрмесіне қатысады.
Аталған көрме 21-23 тамыз күндері Женевада өтетін Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы аясында ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін мақұлдап, тазыны Әлем чемпионатына қатысатын иттердің тізіміне қосқан.
“Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық Одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, Kazakh Tazy тұңғыш рет халықаралық кинологиялық федерацияда ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз”, – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.