16 тамыз күні Қонаев қаласында «Тарту» атты республикалық күйшілер байқауы өтеді. Өнер жарысы күйші-сазгер Қожеке Назарұлының 200 жылдығына арналып отыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Аталған шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтеді.
Күйшілер байқауына Алматы, Астана қалаларынан, Батыс Қазақстан, Абай, Қызылорда, Жетісу, Қарағанды және Алматы облысынан келген 17 күйші бақ сынайды. Екі кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар билет таңдау арқылы шығарма орындаса, ақтық кезеңде өз шығармасын көрерменге ұсынады.
Байқауға елімізге танымал күйшілер қазылық етеді. Төрешілер үміткерлердің өнерін бағалау кезінде шығармашылық шеберлігімен қатар, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне де назар аударады.