«Қонаев су арнасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі журналистерге арнап баспасөз турын өткізді.
Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Барлық Төреханов журналистерге шілде айынан бастап сумен қамтамасыз ету жөніндегі тариф көтерілгенін, халық қаржының қайда жұмсалып жатқанын білуге тиіс екенін атап көрсетті.
«Қонаев су арнасы» МКК бас инженері Қажымұрат Бәтенов мекеменің инвестициялық бағдарламасының негізін түсіндірді.
«Бағдарламаның жұмыс қағидасы – тарифтерден түскен қаражатты ауызсу беру мен кәріздік жүйені жаңарту мен жетілдіруге пайдалану. Тарифтерді инвестицияға алмастыру саясатын жүзеге асыру аясында биылғы жылдың шілде айынан бастап, сумен қамту және су тарту қызметтерінің бағалары көтеріліп, орташа тариф қосымша құн салығын қоса есептегенде текше метріне 128 теңгенің маңайына тұрақтады. Су тартуға келсек, орташа баға ҚҚС қоса есептегенде текшеметріне 149,62 теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 14,68 теңгеге артық» , – деді Қ. Бәтенов.
Сонымен қатар, ол биылға 45 миллион теңге инвестиция бөлінгенін айтты. Ол қаражат электр жетекті диаметрі 400 мм және диаметрі 500 мм, әрқайсының құны 3 миллион теңге тұратын, сүзгілік стансының ысырмаларын сатып алуға және орнатуға жұмсалды. Сондай-ақ, 6 миллион теңгеге гидролиздік құрылғыға арналған екі электродтық кассета сатып алынды. Бұған қоса, маманның айтуынша, бағасы 35 миллионнан асатын доңғалақты экскаватор сатып алу қажет болған.
«Сумен қамту жүйесінің 80 пайызы жаңартуды қажет етеді. Сондықтан, бюджет қаражаты есебінен Қонаев қаласындағы «Гүлдер», «Қарлығаш» ықшамаудандарында, жалпы көлемі 430 миллион теңгені құрайтын сумен қамту және су тарту жұмыстары басталды. Жөндеуді қажет ететін сумен қамту құбырларының ұзындығы – 17,18 шақырым, желінің тозу көрсеткіші – 4,8 пайыз. Жаңғырту қажет болып отырған кәріздік құбырлар ұзындығы – 7,13 шақырым, ал желінің тозу көрсеткіші – 3,3 пайыз. Сонымен қатар, қоныстанушы халық ағынының күрт өсуіне байланысты бізге құрылғылардың қуаттылығын арттыру қажет болды. Соған орай, жақын арада жалпы құны 23 миллион теңге болатын 8 скважиналық суға батырылатын сорғы сатылып алынбақшы. Гидролиздік құрылғыға жалпы құны 7 миллион теңге тұратын, тағы екі электрондық кассета сатып алу көзделіп отыр», – деді Қажымұрат Бәтенов.
Естеріңізге сала кетейік, «Қонаев су арнасы» мекемесі қызметінің негізгі түрі сумен қамту көздерінен суды сорып алу және оны ішуге болатындай сапаға жеткізіп тазалау, мекеменің коммуналдық меншігінің балансында тұрған су құбыры – кәріздік құрылғыларды күтіп ұстау және пайдалану болып саналады. Мекеменің қызметін 18 022 абонент тұтынады, соның ішінде, кәсіпорындар мен заңды тұлғалар – 978.
Баспасөз турында журналистерге барлық сатып алынған құрал-жабдықтар, сондай-ақ, мекеменің жұмыс үдерісі көрсетіліп, экскурсия жасалды.
Бейбіт Төлегенұлы