Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында шыққан өрттен зардап шеккен тағы бір кеншінің денесі табылды. Өрттен қаза тапқандар осымен үш адамға жетті.
«Арселор Миттал» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында өрт кеше, 17 тамыз күні сағат 10:05-те тұтанған. Апат кезінде жер астында 227 кенші болған. 222 адам жер бетіне жедел шығарылғанмен, бес кенші қалып қойған. Сегіз кенші зардап шекті. Қазір қалған екі адамды іздестіру жұмысы жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, компания қаза тапқан кеншілерді жерлеуге байланысты шығындарды жабатынын, қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем жасайтынын, 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру қаржысын (бала студент болса, 23 жасқа дейін) төлейді.