Алматы облысының Заречный кентінде 8 пәтерлі үй өртенді. Бұл туралыТөтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Төтенше оқиға 17 тамыз күні түн ортасында болған.
«17 тамыз күні сағат 03:57-де Алматы облысының өрт сөндірушілері Заречный ауылындағы Школьная көшесінде орналасқан 8 пәтерлі тұрғын үйдегі өрт бойынша шақыруға шықты. Сағат 04:21-де өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің шатыры мен екінші қабаты жанып, артынша шатыры опырылғаны анықталды. Өрт туралы хабарлама кеш түскендіктен оны сөндіру қиындады. Қонаев қалалық өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі қашықтық 20 шақырымды құрайды», – делінген ақпаратта.
Құтқарушылар келгенге дейін 15 адам өз бетімен өрт шыққан үйден шығып үлгерген, оның екеуі жарақат алды. Өрттен 24 адам, оның ішінде 10 бала зардап шеккен.
Жалын таңғы сағат 7:20-да толықтай сөндірілді.
Өрттің неден тұтанғаны анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды. Өртті сөндіру кезінде төтенше жағдайлар қызметкерлері үйден газ баллондарын алып шықты.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өрт орнына барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Ол Қонаев қаласының әкіміне зардап шеккендерді Қонаевтағы қонақүйге орналастыруды тапсырды. Өрттен зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу шараларын жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.