Талғар жоғары медицина колледжінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Онда Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарындағы мектеп жасындағы балаларды арнайы көлікпен тасымалдау, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының орындалуы, облыстағы үшауысымды мектептер мен білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі және облыстың жол құрылысы және жол инфрақұрыламдарын дамыту мәселелері қаралды.
Жиынды ашып, оның жұмысын әрі қарай жүргізген облыстық мәслихат депутаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Дәулет Жарасбаев жаңа оқу маусымының жақындап қалуына және өзектілігіне байланысты, ең алдымен, мектептерге қатысты мәселелерді қарауды ұсынды. Ол өз сөзінде Алматы облысында 51 үшауысымды мектеп бар екенін айтып, оны жою үшін 63 мектеп салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Биыл 15 мектептің құрылысы басталады. Жерін бөліп бердік. Бірақ әлі салыну-салынбауы толық мәлім емес. Өйткені, ол облыстың құзырында емес, құрылысқа тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына Констракшн» деген компания. Біз олардың жұмысына араласа алмаймыз. Олар тендерлерін өздері өткізеді, өздері қадағалайды, өздері төлейді. Бәрі біткен соң тек қабылдап алуымыз керек. Бірақ біз депутат ретінде бұл жұмыстарды қадағалауға алуамыз.
Екінші – мектептерді күрделі жөндеу мәселесі. 1 қыркүйекке дейін 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары бітпей қалайын деп тұр. Жобалау-сметалық құжаттарға байланысты ол жұмыстар сәуір-мамыр айларында бітеді деп жоспарланған. Осыған байланысты осы 11 мектептің оқушыларын басқа мектептерге бөліп және оларды тасу керек. Әр мектепте 400-600 бала бар, оларды тасу үшін қанша автобус керек?! Бұл – үшінші мәселе. Төртінші – жол мәселесі, – деген Дәулет Жамалбекұлы алғашқы сөзді Талғар аудандық білім бөлімінің өкіліне берді.
Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылында 16 ауыл, 10 саяжай, 26 жаңа тұрғын үй салынып жатқан мекендерде тұратын 6253 оқушы, соның ішінде, мектебі жоқ елдімекендерде тұратын – 2270, саяжайларда тұратын – 954, ықшамаудандар мен жаңа құрылыстарда тұратын – 3029 оқушы тасымалданып оқытылған. Оған мектептердегі 10 автобус пен жеке кәсіпкерлермен келісімшарт арқылы 26 автобус тартылған. Сондай-ақ, Талғар ауданына қарасты, бірақ өз мектептері жоқ Құрылысшы, Қызылту, Көктал, Айғаным, Ай-Абылай, Жаңа Қуат елдімекендерінен 1032 оқушыны Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі №7, №13, №24, №38 мектептерге тасымалдау ұйымдастырылыпты. Қаржы жетіспеушілігіне байланысты Қызылқайрат ауылы және «Арман» ықшамауданындағы жаңа құрылыстардан 76 баланы Ақдала ауылындағы №44 мектепке тасу мүмкін болмаған. Ал Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Тереңқара саяжайынан 256 бала Төңкеріс ауылындағы №23 мектепке тасымалданса, осы аудандағы басқа саяжайлардан жалпы саны 331 бала Талғар қаласындағы №6 мектепке жалдамалы көлікпен қатынап оқиды екен. Облыстық білім басқармасына 26 автобус алуға сұраныс беріліп, облыс әкімінің қолдауымен 13 мектеп автобусы алынған. Алайда мектеп жасындағы балаларды тегін тасымалдаумен қамтамасыз ету үшін тағы 13 автобус жетпейді.
Бұл мәселе көршілес Еңбекшіқазақ ауданында да өзекті. Мұнда да 25 мектепте 5504 бала тасымалданады екен. Оның ішінде, 2818 бала 1-ауысымда, қалған 2965 бала 2-ауысымда оқып, олар 9 саяжай, шалғайдағы 3 ферма және 25 елдімекеннен, барлығы 36 бағытта білім беру бөліміне қарасты 10 және 4 мердігер тарапынан қызмет көрсететін тағы 45 автобуспен жүзеге асырылады.
Жалпы, Алматы облысындағы 425 мектепте 330 мыңнан аса бала оқиды. Орташа жыл сайын 1-сыныпқа 37-40 мың бала қабылданады. Биыл 39 мың балтілді бүлдіршін алтын ұя табалдырығын аттайды деп күтілуде. Жоғарыда айтылғандай, облыстың білім саласындағы ең өзекті мәселе – 51 мектептің әлі күнге үшауысымда жұмыс істейтіндігі. Соңғы 10 жылда облыста 116 (соңғы 5 жылда 35) мектеп салынған. Оның ішінде, үшауысымда оқытуды жою үшін – 64, апатты жағдайда тұрған мектептердің орнына – 15, бейімделген мектептердің орнына – 19 мектеп салынған.
Облыс әкімдігі тарапынан үшауысымды оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қадамдық жоспар жасалып, осы тұрғыда 2022 жылы 4 мектеп қолданысқа берілсе, қазіргі күнде 15 750 орынды 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 14400 орынды 14 мектеп үшауысымда оқыту мәселесін жояды, 900 орынды 1мектеп оқушы орнының тапшылығын жояды деп жоспарланса, 1 мектеп Еңбекшіқазақ ауданындағы Төле би ауылында бейімделген мектептің орнына салынуда. Бүгінгі күнге 9 мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекке қолданысқа берілуі тиіс. Тағы 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Ал 2 мектеп 2024 жылы қолданысқа беріледі екен. Яғни, 1 қыркүйекте берілетін 9 мектеп үшауысымда оқытатын 13 мектептің орнын жабады. Жаңа оқу жылында үшауысымда білім беретін 38 мектеп жұмыс жасайтын болса, жыл соңына дейін тағы 5 мектеп қолданысқа беріліп, олардың саны 33 мектепке дейін қысқарады.
Бұдан басқа, үшауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен 2023-2024 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер салу жоспарланған. Биылдың өзінде 24900 орынды 26 мектептің құрылысы басталыпты.
Атқарылып жатқан осындай жүйелі жұмыстарға қарамастан, облыста ішкі миграцияның жоғарылығы және демографиялық өсімге байланысты оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 13-15 мың балаға артып келеді. Осындай ұнамды себепке байланысты үшауысымда білім беру мен оқушы орнының тапшылығы сияқты ұнамсыз түйткілдер туындайтыны анық.
Алайда, біз, шын мәнінде, болашақ білімді жастардың қолында дейтін болсақ, осы ұнамсыз түйткілдерді ұнамды түрде шешудің барлық жолдарын қарастыруымыз және оған нақты қол жеткізуіміз керек.
Бірлескен отырысқа қатысқан Алматы облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спортты дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Болатжан Нұрбеков пен басқа да депутаттар, сондай-ақ, тиісті мекемелердің өкілдері талқыланған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Депутаттық бақылауды күшейту, құрылыс жұмыстарын жеделдету мақсатында жауапты мекемелерге хат жолдап, жазбаша жауап алу жөнінде шешім қабылданды.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы