Қасиетті Қарадалада Ораз Жандосовтың табанының табы қалған дегенге сенесіз бе? Иә, дәл солай. Алаштың ардақты ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениеті мен білімінің жанашыры болған Ораз Жандосов 1933 жылы сол кездегі Кеген аудандық (қазіргі Ұйғыр ауданы) партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол кездегі аудан орталығы Подгорное (қазіргі Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылы) ауылында тұрды. Аштықтан кейінгі ауыр кезеңде ауданның еңсе көтеруіне Ораз Қиқымұлы аз ғана уақыт ішінде көп еңбек етеді. Кеңірек тоқталайық.
Ораз Жандосов маңдайына жазылған 39 жылдық ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнайды. Ораздың еңбектерін, сөйлеген сөздерін, жазған мақалаларын қарап отырсаңыз, толғанбаған тақырып жоқ. Қазақта бітпеген жер дауын әділ шешу мәселесін көтерген бірден-бір жан осы Ораз Қиқымұлы еді. Көшпелі қазақты отырықшылыққа көшіру, ауыл шаруашылығын жандандыру, заманауи ауыл жасақтау, жаппай сауатсыздықты жою, идеологияны қолға алу, латын әліпбиінің мәдениетке жол ашар тұстарын айтып, халықты оқуға шақырған да Ораз болатын. Қазақтың тарихын танытуды да Жандосов айтқан. Ол жарлылар мен кедей-батырақтарды саяси істерге тартуға көп еңбек етіп, тер төкті. 1919 жылдың 19 наурыз – 10 сәуір аралығында өткен Жетісу облысы кеңестерінің төтенше шақырылған ІІ съезінде сөйлеген сөзінде О.Жандосов: «Қырғыздардың материалдық хал-ахуалын көтеру мәселесіне тоқталмастан бұрын, ұлттар арасында, нақты жағдайда, қырғыздар мен орыстар арасындағы қарымқатынасқа тоқталу қажет: әлеуметтік тұрғыдан келгенде қырғыздар әлі қаналушылар жағдайында; қырғыздар Кеңес өкіметін қолдауда деген көзқарас өсіріліп айтылған; қырғыздар Кеңес өкіметін оның идеялық негізінде мойындаған жоқ, тек үркіп қорыққаннан, өз өмірлерін сақтап қалу мақсатында ғана; ал болып жатқан оқиғалардың мәнін түсініп, қабылдау өте қиын немесе тіптен мүмкін емес; олар революцияның алғашқы кезеңіндегі әртүрлі отряд мүшелерінің зорлық-зомбылықтарынан өте үркіп қалған… Сондықтан қырғыздардың экономикалық жағдайын көтеру мәселесін айтпастан бұрын, орыс-қырғыз қарым-қатынасын реттеу қажет», – деп ашық айтты. Міне, ол осылай тоталитарлық қыспаққа қарамастан ұлттық мүддеге адалдығын жасырған жоқ.
Қай қызметте жүрсе де, арға деген адалдығын, ұлтқа деген ұлтжандылығын алдыңғы орынға қойған. Өмірінің соңғы жылдарында Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқара жүріп те ол өз халқына жан-тәнімен қызмет істейтін тарихи тұлға екенін дәлелдеді.
Сол жылдардағы солақай саясат салдарынан ұлтшыл, буржуазияшыл, контрреволюцияшыл, террорлық және диверсиялыққаскүнемдік ұйым мүшесі деген сынды адам миына келе бермейтін жалған жалалармен айыпталып, темір торға тоғытылып, атуға кесілген талай Алаш арысының еңбегі елеусіз қалды. Олар жайлы жазбақ, зерттемек түгілі жақ ашуға жағдайлары жетпеді зерттеушілердің. Сондықтан да, Ораз Жандосовтың да еңбегі мен атқарған қызметтері туралы көп дерек табыла бермейді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеушілер мен тарихшылар ашық әрі шыншыл зерттеулерге бара бастады. Оның қазақ даласындағы дара еңбегін екшеп көрсетуге тырысты. Бірақ әлі күнге дейін оның бір ғана өмірбаяндық жазбаларының өзінде сан қателік бар. Бұл туралы ғалымдар айтып та жүр. Ораз Жандосов 1933 жылы тамызда Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалады. Ол кезде Кеген ауданының құрамына Нарынқол, Кеген аудандары және Ұйғыр ауданының біраз бөлігі қарайтын. Орталығы – Подгорное ауылы. (Қазіргі Қырғызсай ауылы). Құжаттардағы мәліметтерге сүйенсек, Ораз Жандосов осы жерде тұрып, бір жылдан аса еңбек еткен екен. Ауыл тұрғыны Наталья Михайловнаның естелігінде Ораз Жандосов сол ауылдағы Елизавета Гусарованың үйінде пәтерде тұрған екен. Елизавета Гусарова Ораздың ауылда орнығуына, отбасының орналасып, жайлануына көп жағдай жасаған деседі. Ең өкініштісі Елизавета ханымнан көзі тірі кезінде бір ауылда, бір шаңырақ астында тұрған Ораз Жандосов жайлы ешбір жан жазып алмаған, хатқа түсірмеген. Бала кезінде Елизаветаның аузынан естігендері жайында Натальяның да есінде еміс-еміс қалған. Кейіннен Алматы облысының мемлекеттік мұрағатына хат жазып, Ораз Жандосовтың ауданда қызмет еткен жылдары жайында білмек болады. Бірақ олар да жөнді мәлімет бере алмайды. 2005 жылғы Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатының Ұйғыр ауданының тұрғыны Наталья Михайловнаға берген жауабында 1933-1937 жылдары Ораз Жандосов Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы лауазымына жіберілгенін, онда еңбек еткен жылдары жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, аштықтан кейінгі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, колхоздарды дамытуда көп еңбек еткенін және көлемі жағынан өте үлкен ауданның ішкі ресурстарын пайдалана отырып, бір жылға жетпей жағдайын жақсарта білгені жайында қысқаша ғана айтылған. Бірақ біз өз ғұмырын білім беру жүйесін тәртіпке келтіруге, ауылдар мен селолардағы мектептерді жаңа мақсаттарға сай қайта құруға, жаңа мектептер құрылысын қаржыландыруға, оқулықтар мен оқу құралдарын көптеп шығаруды жолға қоюға, білікті маман мұғалімдерді даярлауға құлшына кіріскен тұлғаның сол уақытта ауданда білім саласын дамытуға да өз үлесін қосқандығына кәміл сенеміз. Сонымен қатар, ауылдағы ағайынның егіншілікпен айналысып, отырықшылыққа орнығуына, жағдайын жақсартуына барлық мүмкіндікті жасағаны да анық. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, бар мәселені шешкен. Сөзіміз дәлелсіз болмасын. Төмендегі мына деректерге де зер салсақ. Алматы қаласының Құрметті азаматы, ҚазПИ-дің тұңғыш түлектерінің бірі, 1930 жылдардың ортасынан бастап үлкен қызметтерді атқарған Мұхаметжан Әбдіхалықов өз естелігінде былай дейді: «1933 жылы Ораз аға Кегенде аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеп жүрген кезде мен Қазақ өлкелік партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің нұсқаушысы едім. Сол жылдың күзінде біз облыстық партия конференциясында кездестік.
– Ораз аға, жұмысыңыз қалай? – деп сұрадым. Әзілі күшті адам еді. Бір ғажап қасиеті – жұрттың бәрімен тең сөйлесетін. Ол күлімсіреп:
– Мен жұмыс істемеймін, бауырым, мен үшін ақсақалдар істейді, – деді. Мен ол кісінің қалжыңдап тұрғанын түсінсем де, «ол қалай?» деп сұрақ қойдым. Енді ол істің мәнжайын маған былайша шындап түсіндіріп берді. Ауыл ақсақалдарын жинап алып, кеңес өткізіпті.
– Мені басқа бір жауапты жұмысқа жіберетін ой бар еді, бірақ мен ел ішінде сіздермен жұмыс істеуге өзім сұранып келдім. Ендігі жерде сіздерге сеніп отырмын, – депті. Сонда ақсақалдар:
– Оразжан, астық, ет дайындау науқаны кезінде өкіл жіберіп әуре болмай-ақ, қағаз жазып, бір адам жібер. Біз керек нәрсені жинап береміз, науқанды өткіземіз ғой, – деп жауап беріпті. Мен бір жолы одан:
– Ораз аға, осы заготовканың ауыртпалығы нашарларға түспей ме? – деп сұрап едім, ол:
– Қам жеме, менің нұсқаушыларым бар ғой. Аппарат бақылап отырады. Бай, дәулетті адамдарға мерзім белгіленеді, ал кедейлер шамасына қарай өткізеді. Бәрі заң жүзінде болады, – деп жауап берді». (1999 ж. Қайран Ораз. Легендарный Ораз: Ораз Жандосов замандастар көзімен / Құраст. – ред. Ә. Жандосов. – Алматы, 194–197 б).
Көріп отырғанымыздай әр ісін көпті көрген көнекөз қарттармен ақылға салып шешетін Ораз Жандосовтың іскерлігі Кеген ауданын дамытуға зор үлес қосты.
Ол Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы бола жүріп, талай мінберлерде сөз сөйледі. Құрғақ сөз, жалынды уәде емес. Ашық ой, өткір пікір айта білген. Оған дәлел ретінде 1934 жылы 6 қаңтарда Алматы облысының партия конференциясында сөйлеген сөзінің бірін келтіруге болады. «Бұрынғы басшылықтың жіберген саяси қателіктеріне байланысты туындаған қиындықтарды жою үшін күресу қажет. Ол үшін жергілікті жерлердегі ескі басшылықтың жіберген қателіктерін сынаудан қашпауымыз қажет. Біздің міндет – жоғары жылдамдықпен, қарқынды жұмыс істеу». Иә, ол осы сөзінде тұрды. Қарқынды жұмыс істеді. Бұл турасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков: «О. Жандосов Л. Мирзоянның қолдауымен партия Кеңес органдарына жауапты жұмыстарға қайта тартылды. 1933 жылы ол Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтеріне ұсынылды. Оның осы кезеңде Ж. Жабаев пен К. Әзірбаевқа жасаған қамқорлықтары, Жаркенттегі өлкелік ұйғыр мәдениетін ұйымдастыруы, дүнген музыка театрына көмегі – өз алдына бір төбе», – дейді.
Зерттеулер мен Ораз Жандосов жайлы жазылған еңбектерден оның ауданда белсенді еңбек еткенін көреміз. Барлық партия ұялары мен кандидаттар тобының хатшыларына және совхоз саясаттық бөлімдерінің бастықтарына үндеулер жолдап, партия саяси мектептерінде оқып жатқан коммунистер, комсомолдар, партия тілектестері және колхоз белсенділерінің әр іске жауапты болуын өзі қадағалап отырған. Сонымен қатар, Ораз Жандосовтың өз қолымен Аупарткомның жауапты нұсқаушыларына және партия ұйымдастырушыларына «Өте жасырын» деген бұрыштамамен жазған хатында да партия белсенділеріне орынды талаптар қойып, өтірік пен жалғандықтан алшақ болуды, әр істі қадағалап отыруды тапсырады. Латын әліпбиімен жазған сол хатты сөзбе-сөз беруді жөн көріп отырмыз. (Ескерту: хаттың кейбір тұстарының анық көрінбеуі салдарынан кей сөздердің дұрыс жазылмай қалуы ықтимал – А.Д)
«Аупарткомның жауапты нұсқаушыларына және партия ұйымдастырушыларына! Партия басшылығын жаңа жағдайға лайықтап жаңаша ұйымдастыру міндетін қолға алған жолдастар, сендерден аупарткомның зор талап етіп күтетіні мыналар:
1. Қағазға сүйенген, кекірейген кеңсешіл, бюрократтық, өтірік араласқан басшылықты қойып, күнделікті жұмысқа өздерің араласып, ұйымдастыру жағына жақын болыңдар.
2. Өтірікке жақын, атқамінер болғансып жүрген бояма белсенділерді қара жұмысқа салып, көпшіліктің бақылауына беріп, өтірік айтпайтын, көпшіліктен қол үзбеген, еңбектің қадірін білетін, талабы бар белсенділерді партияның төңірегіне шақырып, ұйымдастырыңдар.
3. Колхоз бригадирлерін, ферма бастықтарын, колхоз бастықтарын, кеңес ағаларын бұрынғыдай сапырылыстыра бермей, сенімсіздік істемей, оларды партияның бастауыш ұйымдарына жақындатып, беделін көтеріңдер, олармен өздерің жақсылап танысыңдар, Аупарткоммен келіспей олардың ешқайсысын орнынан алмаңдар, сотқа бермеңдер.
4. Сендердің нақты басшылық беріп ұйымдастыратын жұмыстарыңның программасы Аупарткомның жетінші заңды протоколына тізілген қаулылар болсын (31.01-01.02 34 жыл). Аудандық егіс бестігінің төртінші және бесінші заңды жарлықтары болсын, Аупарткомның ІІ пленумының қаулылары болсын (9, 11 март), Аупартком мен Ауаткомның 18 март күні шығарған қаулысы болсын. Осы қаулы-қарарлардың іске асуын күнбе-күн тексеріп, іске асуын өздерің қамтамасыз етулерің керек.
5. Егіс науқаны жайындағы есеп ақпар ауылдық кеңестер арқылы алынатын болды, сондықтан сендердің міндеттерің түрлі науқандар жайында Аупарткомда саяси мәлімдемелер жіберіп тұру болуға тиіс. Ауылдық кеңестер мен колхоз басқармаларының беретін ақпары цифрлы есеп болса, сендер сол цифрлы есептің рас-өтірігін, сапасын, қоғамдық тиянағын, таптық тамырын партияның ұйымдастыру басшылығы мен ұштасқан жерін саяси мәлімдемелер арқылы ашып отырыңдар.
6. Бұдан былай егіс науқаны жайында бес күн сайын саяси хат жазып тұрыңдар, партияның ұйымдастыру жұмыстарын қайта құру мәселесі жайында біткен жұмысты айтып күнде хат жазып тұрыңдар, марттың 25-інде тұқым қорының сапасы жаңа көлік күту жайында жүйелеп саяси хат жазыңдар, бірінші апрельде колхоздарда өндіріс жоспар жасау жайында жекелеп саяси хат жазыңдар, апрельдің 5-інде колхоз кеңес саудасы жайында жекелеп саяси хат жазыңдар, апрельдің 10-нда аткосепшиктердің?) жайы және жәрдем азық үлестіру жайында жекелеп саяси хат жазыңдар, апрельдің 15-інде мал басының озу, кетуі, төлдеу, шағылысу жайында жекелеп саяси хат жазыңдар, апрельдің 20-нда партияның Қазақстан өлкелік комитетінің 17 апрельдегі қаулысының жылдығы қалай өткендігі жайында жекелеп саяси хат жазыңдар.
Аупартком хатшысы Жандосов. 20.03.34 жыл», – деп қол қойылған.
Байқағанымыздай, аудандағы әрбір істі өзі қадағалап, оны өз қоластындағы қызметкерлерден де талап етіп отырған. Бұл бұған дейін талай жоғары қызметтерде істеген Ораздай білімді де білікті тұлға үшін қиын болмағаны анық.
Ораздың тек әлеуметтік жағдайды жақсартып қана қоймай, ел жайын, жер жайын, халықтың мұңын мұңдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткенін сол кезде көзі көрген ағайын жақсы біледі. Оған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 108 жасқа қараған шағында өмірден озған, Оразбен біраз уақыт қызметтес болған Күрішбек Көжекбаев атамыздың көзі тірісінде аузынан жазып алған мына сөздер дәлел бола алады: «1933 жылы Ораз Жандосов ауданымызға бірінші хатшы болып келді. Ә дегеннен-ақ, мен ол кісіге пысық болып көрінген болуым керек, бірінші хатшы мені жанына жақын тұтты. Біраз уақыт жолдас, сырлас болдық. Екеуміз ел жайын, жер жайын, халықтың мұңын сөз ететінбіз. Аштықтан қырылған боздақтарды ойлап, егілетін. Сондағы Ораздың жүзіне қарап, шын күйінетінін, халқы үшін жүрегі ауырып, қарс айырылатынын аңғаратынмын. Оның білімділігі мен болашақты болжай алатын көсемдігіне таң қалатынмын. Алыстан болжайтын. Тек сол кездегі саясат көп нәрсеге қолбайлау болды-ау деймін. Онысын ашып айта бермейтін. Оның үстіне мені жас көрді ме екен?» – деген еді Күрішбек ақсақал.
Ал профессор Г. Нұрымбетова: «Своего рода легендой стала непродолжительная, но отличавшаяся исключительным размахом и динамизмом деятельность Джандосова по восстановлению разрушенной экономики аула в должности партийного руководителя обширного Кегенского района на границе с Китаем (1934)», – деп Ораз Жандосовтың Кеген ауданындағы еңбегіне жоғары баға береді. Аз уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарған Ораз Жандосов 1934 жылдың 29 желтоқсанында Алматы облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.
Ораз Жандосов 1936 жылы 14 қарашада «Казахстанская правда» газетіне жазған «Перед лицом новых больших задач» (Об успехах Алма-Атинской области) атты мақаласында облыстың даму қарқынын жіктеп жазып, әрбір саласына тоқталған. Азық-түлік және жеңіл индустрияның дамуы Алматы облысында алдыңғы орында тұрғанын, 1935 жылы 1934 жылға қарағанда облыстың осы саласындағы даму қарқыны 52 пайызға артыпты. Ал екінші орынды жеңіл өнеркәсіп саласы алған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді айта келе, өзі еңбек еткен Кеген ауданына ерекше тоқталады. Нақтырақ болуы үшін Ораз Жандосовтың сөзін аудармасыз дәл қалпында бергенді жөн санадық. «В нашей области в Кегенском районе имеются единственные в Советском Союзе богатейшие заросли коксагыза – ценного каучуконоса, освобождающего нашу каучуковую промышленность от иностранной зависимости. Растут и посевы опийного мака, имеющего большое применение в медицине. Однако в общей посевной площади посевы технических культур занимают только 4,9%. Это крайне ничтожный процент. Сотни тысяч гектаров поливных земель позволяют еще дальше значительно расширить посевы технических культур. В развитии технических культур – будущее полеводства нашей области. Урожай технических культур растет из года в год», – деп аудандағы пайдаланылмаған жерлерді ел игілігіне беріп, ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін алға тартады.
Осындай өткір пікір айтып, халықтың қамын ойлаған ұлт оғланын сол кездегі саясат сахнадан тайдырып, жазықсыз жала жабады. Ол түрлі адам нанғысыз айыптармен 1937 жылдың 31 шілдесінде қамауға алынады. Ораз Жандосовтан жауап алу хаттамаларында түрлі айыптар тағылып, оның бәрін Ораз Жандосов мойындайды-мыс. Әр кездегі жауаптарда сан түрлі қарама-қайшылықтар бар. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының аға прокуроры Төкен Нұрпейіс пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Самат Ибраимовтың 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Жазықсыз жабылған жала немесе Ораз Жандосовтың қалай атылғаны туралы мұрағат құжаттары не дейді?» атты мақаласында егжей-тегжейлі нақты ақпараттар келтірілген. «Бірінші жауап алу хаттамасы 1937 жылдың 20 қыркүйегінде жасалыпты. Сірә, оған дейін тергеушілер айыпталушыны «дайындап», ол жөнінде басқа материалдарды әбден жинақтап алса керек. Сөздері биязы, «сіз» деп сөйлеседі, бірақ ол бетперде екені көрініп-ақ тұр. 83 беттен тұратын хаттамада О. Жандосовқа қойылмаған сұрақ, тағылмаған кінә жоқ. Енді сол қолдан жасалған жауаптардан үзінді келтіре кетелік. «1925 жылы сәуірде астана Қызылордаға көшкен соң, ұйымдастыру кеңесі (ұлтшылдардың – Авт.) өтіп, өзім оның басты ұйымдастырушыларының бірі болдым» (24-бет). «Ауылдағы ұжымдастыру науқанына дайындық болып саналатын 1928 жылғы жартылай феодалдардың шаруашылықтарын тәркілеуді тежеу үшін Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұйымы кедергі жасау әрекетіне кеңінен кірісті. Сөйтіп, тәркілеуді созуға тырыстық» (34-бет). Жауап алу кезінде тергеуші: «Алматы облысындағы Кеген ауданындағы Кеңес өкіметіне қарсы қызметіңіз жөнінде айтыңыз», – деп жақауратады. Оған берілген жауап мынадай: «Мен 1933 жылы Кеген ауданына ВКП (б) хатшылығына жіберілдім. Бұл қызметімді контрреволюциялық ұлтшылдық әрекетке қолайлы жағдай жасау үшін бедел жинаудан бастадым. Және де оған қолайлы сәт туды. Ауданды басқарғанда бай-ақсақалдар әдістерін қолдандым. 1934 жылы жазда колхоз шаруашылығының екпінділері слетіне сыйлықтарды шашу етіп шаштым, кімнің қолы жетсе сол алды. Іс жүзінде жергілікті қазақтармен қарым-қатынаста байлар тәсілдерін қолдана отырып, айналама бай-ұлтшылдарды жинадым» (38-б.). Көріп отырғанымыздай, осындай «кінәларды» О. Жандосов мойындауға мәжбүр болған. Жағылған күйенің бірі оның Қытайға көшіп кеткендерді қайтарып алып, Кеңес өкіметіне қарсы қоюы болып табылады. Берілген жауапқа қарағанда, ол ұжымшар жиналысында бұл ниетін ашықтан-ашық айтыпты. Ол кезде жұрттың көзінше мұндай сөзді айтудың өзі мүмкін еместігі белгілі. Демек, осы жауаптардан-ақ тергеуші оны қолдан жасағаны айқын көрінеді. Ауданға өнеркәсіп тауарларын жеткізуге кедергі жасапты. Сөйтіп, Оразды ұжымшардың тиімсіздігін көрсетпекші болды деп айыптады.
Осы тергеуден кейін арада 17 күн өткен соң, яғни, 1937 жылдың 7 қазанында «қосымша жауап алу» жүргізіледі. Бұл жолы тергеуші: «Алматы облысында Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған қазақ ұлтшылдық ұйымның филиалын құрудағы өзіңіздің іс-әрекетіңіз туралы жауап беріңіз», – дейді. Енді мына қарама-қайшылықты қараңыз. О. Жандосовтың 20 қыркүйекте берген жауабында Кеген ауданының хатшысы болып жүргенде Кеңес өкіметіне қарсы істемеген әрекеті жоқ сияқты еді. Ал бұл жолғы жауапта былай делінген: «1934 жылы ВКП (б) Кеген ауданында хатшы болып жүргенімде Кеңес өкіметіне қарсы қимылдауға жұмыс қолбайлау жасаған. Ал 1935 жылы қаңтарда болған облыстық кеңестер съезінде облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайлануымнан кейін біздің ұйымның орталығы берген нұсқауларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым»… Бұдан кейін О. Жандосовқа колхоздарға кадр іріктеудегі зиянкестік әрекеті, фашистік елдер мен Жапонияның саясатын қолдайтыны және басқа кінәлар тағыла береді, тағыла береді» – деп, мақалада Ораз Жандосовқа тағылған айыптар турасында көптеген мәліметтер келтіреді. Жоғарыда авторлар айтқан «Жапонияның тыңшысы» деген айып турасында ардагер Күрішбек атамыз да айтып өткен еді. Күрішбек атамыздың айтуынша, Райымбек ауданындағы Шырғанақ жеті жылдық мектебінде меңгеруші болып жүргенде Күрішбек Көжекбаевтың да қолына кісен салынып, темір тордың арғы жағынан бірақ шығады. «Ораз Жандосов – халық жауы. Жапонияның агенті» деген сынды сан айып тағылған Ораздай жаны жайсаң ағаның құрбан болатынын естігенде тұла бойы қалшылдап, еңіреп жылаған еді. Сол сәттен бастап бұл да халық жауы атанды. «Үш әріптің» «шаш ал десе, бас алатын» әзірейілдері күн сайын тергеуге алып, мұның да көзіне көк шыбын үймелетуді мақсат етті. Әр күн сайын: «Сен түн баласы Ораз Жандосовтың қасында болып, елді азғырдыңдар, сталиндік идеяға қарсы қойдыңдар», – деп ығыр етті. «Тіпті, екеуің аңға шығады екенсіңдер, оның тауда Жапониямен байланыс жасайтын штабы бар екен ғой», – деді де. Қорқытты, үркітті. Бірақ аз ғана уақыт ішінде ағасындай қамқор, құрбысындай сырлас, мұңдас болған аға жайында бірауыз қиянат сөз айтқан емес еді. Тіпті, тас болып, қасарысып алды. Ақыры екі айға жуық уақыт өткен соң бәзбіреулердің қамқорлығы ма, әлде мұның кінәсіз екендігін аңғарды ма, әйтеуір босатады.
Осындай қолдан жасалып, жинақталған, жалған жаланың кесірі Ораз Жандосовты ату жазасына кесуге әкеледі. Зерттеушілердің айтуынша, Оразға қатысты сот отырысының өзі небәрі 15 минут қана болған екен. Яғни, оның тағдыры оған дейін-ақ кесіліп, пішіліп қойған. Бұл сол кезеңнің кері кеткен саясатының нәтижесі болатын. Ораздан кейін оның отбасы да зардап шегіп, зайыбы Фатима Асқарқызы Жандосова тұтқындалып, біраз уақыт темір торда жатады. Өмірлерінің соңына дейін халық жауының баласы, халық жауының жолдасы деген қара күйе кетпейді. Тек 1957 жылы шілдеде КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасының ұйғарымымен 1938 жылғы 2 наурыздағы КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасының үкімі теріске шығарылады. Ал 1998 жылғы 5 ақпанда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы істі қайта қарағаннан кейінгі қорытындысымен О. Жандосов толығымен ақталды.
Кер заман талай боздақтың мойнына қыл арқан салды. Талай қазақтың жарық жұлдыздары ерте сөнді. Ұлтының өркендеуін қалаған көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары ұлтшыл деген айыппен атылды. Азапталды. Тоталитарлық жүйе «ұлтым» деген ұлдарды оққа байлады. Солардың ішіндегі Ораз Жандосовтың өмірі мен еңбек жолы, атқарған істері әлі де зерттелуі, зерделенуі тиіс. Бүгінде Ұйғыр ауданының Қырғызсай ауылындағы Ораз Жандосов тұрған үйдің орнында ештеңе қалмаған. Тып-типыл. Ораздай ұлы тұлғаны ұлт жадында мәңгі қалдыру үшін сол орынға арнайы мұражай жасалып, аз уақыт ішінде ауданды жоғары деңгейге жеткізіп, дамытқан тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға жағдай жасалса, артық етпейді. Қайта кейінгі ұрпаққа тағылымды тарих болып қалары анық.
Анар Дүйсенбайқызы