Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында шыққан өртте шахтада қалып қойған бесінші кеншінің денесі табылды. Өрттен қаза тапқандар осымен бес адамға жетті.
«Арселор Миттал» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында 17 тамыз күні сағат 10:05-те өрт тұтанған. Апат кезінде жер астында 227 кенші болған. 222 адам жер бетіне жедел шығарылғанмен, бес кенші қалып қойған. 18 тамыздағы мәлімет бойынша зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатыр.
Қаза тапқан кеншілердің аты-жөні:
1. Стешин Денис Геннадьевич, 1978 жылы туған, 4-разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур Ринатович, 1994 жылы туған, 4-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл;
3. Бургун Виктор Сергеевич, 1966 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюньков Виталий Владимирович, 1965 жылы туған, 5-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Старовойт Илья Александрович, 1996 жылы туған, 3-разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 4 жыл.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, «Қазақстан» шахтасындағы апатқа жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, компания қаза тапқан кеншілерді жерлеуге байланысты шығындарды жабатынын, қайтыс болған жұмысшылардың он жылдық жалақысы мөлшерінде отбасына біржолғы төлем жасайтынын, 18 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы сақтандыру қаржысын (бала студент болса, 23 жасқа дейін) төлейді.