Алматы облысы әкімінің өкімімен Қуандық Сағатбайұлы Чункунов ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қуандық Сағатбайұлы 1981 жылы туған, білімі жоғары, 2004 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін «экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы АҚШ мемлекетінде «Ашық әлем» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығының диверсификациясы» тақырыбында, 2012 жылы Ресейдегі А.А. Никонов атындағы Бүкілресейлік Аграрлық мәселелер және информатика институтында «Нарық параметрлерін болжау әдістерін зерттеу» тақырыбында, 2011 жылы Ресейде «Кеден одағы елдеріндегі Қазақстан Республикасының перспективасы» тақырыбында тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 2005 жылы Қазақ Агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған.
Әр жылдары Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, «Қазақстанның Ет-сүт одағы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бірлестігінің атқарушы директоры, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының агроөнеркәсіптік кооператив және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы, директорының орынбасары, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Алматы облысы Қонаев қаласы филиалының өкілі, директоры лауазымдарын атқарған.
2023 жылдың 9 ақпанынан бастап қазіргі күнге дейін Алматы облысы кәсіпкерлер Палатасының төрағасы лауазымында қызмет атқарды.