Алматы облысының Жамбыл ауданы Үлкен ауылында еліміздегі тұңғыш атом электр станциясын салу бойынша қоғамдық талқылау өтіп жатыр.
Бұған дейін «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша атом электр станциясын салуға ең қолайлы аудан ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы ұсынылған. Зерттеу нәтижелері былтыр мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, мақұлданған.
Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда ведомствоаралық комиссияның атом саласын дамыту жөніндегі отырысында қаралып, мақұлданған.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, АЭС салатын орынға қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Әзірге оған дайындық туралы ғана сөз болып отыр. Үкімет комиссиясы бұған дейін АЭС салатын бірнеше орынды, оның ішінде Шығыс Қазақстандағы облысындағы Курчатов қаласы, Алматы облысындағы Үлкен ауылы және Батыс Қазақстан облысын қарастырған.
Қазақстанның «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңына сәйкес, ядролық қондырғыларды салу және оның орнын белгілеу туралы шешімді Үкімет қабылдайды. Бұл үшін АЭС салынады деген аймақтағы жергілікті өкілді орган – мәслихаттың келісімі қажет.
АЭС салу сияқты өмірлік маңызды мәселе бойынша шешім қабылдау кезінде бірінші кезекте халықтың дауысы ескерілуі тиіс. Себебі, демократиялық қоғам құрудың алғышарттарының бірі – мемлекет пен оның азаматтарының өміріне қатысы бар мәселелер қоғамның талқысына салынып, шешім ортақ мәмілеге келу арқылы қабылдануы. Қоғамдық тыңдау кезінде тыңдау кезінде мәселенің барлық аспектілері ортаға салынып, зерделенеді. Атап айтсақ, тыңдауда экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың АЭС-ке әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланады. Яғни, алдымен «АЭС не үшін керек, оның экономика мен халық өмірінің басқа да салаларына әсері бар ма?» деген сұрақ талқыланатын да осы кезең.
Бұл ретте былтыр қараша айында Алматы облысының мәслихаты аудан тұрғындары қолдаған жағдайда Жамбыл ауданы аумағында АЭС салуға келісім беру туралы шешім қабылдаған.
Бұдан соң Алматы облысының әкімдігі жария талқылау өткізуге бастама көтерген.
Бұған дейін энергетика министрі Сәтқалиев бүгінде елімізде АЭС салуды қолдайтындар саны айтарлықтай артқанын, себебі халыққа АЭС құрылысында қандай технология қолданылатыны, оның қауіпсіздігі, еліміздің, оның ішінде өңірдің дамуына қандай пайда әкелетіні туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтқан.
Экономикасы әртараптанған елдерде электр қуаты да көмір, уран, жел, күннің қуаты сияқты әр түрлі ресурстардан өндіріледі. Бүгінде елімізде барлық электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Алайда, отынның бұл түрінің қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан болғандықтан ерте ме, кеш пе көмірден бас тартуға мәжбүр боламыз. Бұған қоса, ғаламдық климаттың жылынуына байланысты көмірге тәуелділікті азайтуды қолдайтын елдер саны да артып келеді. Осыған байланысты атом энергиясы сынды баламалы қуат көздеріне, оның ішінде АЭС-ке қажеттілік күшеймесе азаймайды.
Қазақстан әлемде уран өндіруден алдыңғы орында тұрғандықтан, АЭС салуға қажетті алғышарттар жеткілікті. Мәселен, елімізде қазір атом реакторларына қажетті отын өндіріле бастаған. Мұның сыртында, АЭС сияқты ауқымды жобамен бірге машина жасау, құралдар жасау, металлургия сынды тұтас индустрия қалыптасып, дамиды. Мұндай салалар дамыса, мыңдаған жұмыс орны ашылады деген сөз.
Есептеулер бойынша, қазіргі күні елімізде электр қуатын өндіретін жабдықтардың 70 пайызға жуығы тозған. Бұл әсіресе кейінгі жылдары қыс айларында айқын байқалып жүр.
Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы тәулігіне 1200 МВт-қа жетеді. Әлемдік тәжірибеде бұдан шығудың ең оңтайлы жолы – атом электр станциясы саналады. Себебі, атом энергетикасы – тұтынушыларды сенімді әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етудің бірден-бір көзі.
Бұл ретте АЭС тек электр қуатын өндіруге кететін отын мен одан шығатын қалдық – көміртекті зиянды заттарды азайтуда ғана емес, экологиялық тұрғыдан таза электр қуатын өндіру жағынан да тиімді саналады. Мәселен, АЭС есебінен елімізде жылына көмір жағатын жылу электр станциялары бөлетін миллиондаған тонна көміртекті зиянды заттарды азайтуға болады.
АЭС салудың дайындығы қандай ұзақ болса, оның құрылысына одан да көп уақыт кетеді. Ал оның құрылысына жұмсалатын қаржы қандай технология қолданылатынына байланысты болмақ. Әйтсе де, құрылысы талай жылға созылғанымен, технологияны дұрыс қолданып, игілігін ондаған жыл бойы көріп отырған елдер жеткілікті.
Әлемде қазіргі уақытта 31 елде АЭС бар. Мысалы, Францияда алдағы жылдары 6-дан 14-ке дейін жаңа реакторлар салу жоспарланып отыр. Олардың біріншісі 2035 жылға қарай іске қосылады. Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Бангладеш, Египет сияқты атом энергетикасына «жаңадан келген» елдер АЭС салу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.