Қазақстанда жаңа 2023-2024 оқу жылы бұрынғыдай 34 аптаны құрап, 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінде мәлімдеді.
«Оқу жылын 36 аптаға ұзарту мәселесіне келсек, қоғамда бұған қатысты көптеген сын айтылды, педагогтер тарапынан ұсыныстар жасалды. Мұның әлемде бар тәжірибе екенін мойындауымыз керек. Бірақ ондай жаңашылдықты енгізу үшін мұқият дайындық керек. Министрліктің шешімі негізді, бірақ асығыс болды деп ойлаймын. Соған байланысты биылғы оқу жылында 34 апталық оқуға қайта оралып, сабақты 25 мамырда аяқтаған дұрыс деп есептеймін», – деді Тамара Дүйсенова.
Оның сөзінше, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керек және 36 апталық оқу мерзіміне оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтаған дұрыс.