– Нұртас Тынышбайұлы, ит-мысыққа чип салу жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Жаңа ереже иесіз иттердің азаюына септігін тигізе ме?
– «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заңда иттер мен мысықтарды есепке қою міндеттеледі деп көрсетілген. Сол ереже 1 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі. Барлық иттер мен мысықтар бірдейлендіру дерекқорында тіркеліп, оларға төлқұжат беру рәсімі жүргізіледі. Ол үшін жануарлардың иелері арнайы орындарға барып, өтініш бере алады. Бұл жұмыстарды ветеринариялық стансалар мен ветеринариялық клиникалар атқарады.
Ит-мысықтарды міндетті есепке алу бойынша ақпараттарды ресми сайтқа орналастырдық. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үгіт-насихат шаралары жүріп жатыр. Сонымен қатар, жергілікті жердегі ветеринариялық бөлім мамандары да жануарларды есепке қою тәртібін ит пен мысық ұстайтын адамдарға түсіндіруде.
Бүгінгі таңда облыста 10 ветеринариялық стансы бар. Әр ауданға қарасты ауылдық округтерде ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Қазір олардың саны 136-ға жетті.
Ал енді жаңа ереже бұралқы (қаңғыбас) иттердің азаюына септігін тигізе ме деген сұраққа келетін болсақ, әрине, тигізеді. Өйткені, бұдан былай әр жануардың қай үйде тұратыны, асырушысының кім екені біздің базада алақанға салғандай анық көрінеді. Иттеріне вакцинаның салынған, салынбағаны да белгілі болады. Ең бастысы, итіне ие болмағандар заң алдында жауап береді. Айыппұл арқалайды.
Әрине, ешкім де қалтасынан жырып, иті үшін артық ақша төлегісі келмейтіні тағы рас. Сондықтан, амал жоқ заңға бағынады. Сол арқылы бұралқы иттерге тосқауыл қойылады деп ойлаймын.
– Жауапкершіліктен жалтарған ит пен мысық иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін анықтап айта кетсеңіз?
– Егер жануарлардың иелері бірдейлендіруге қарсы болып, заң талаптарын орындамаса, оларға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талаптарына сәйкес шаралар қарастырылған. Тексеру жұмыстарын учаскелік полиция қызметкерлері атқарады.
Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2 бабы бойынша заң талаптарын орындамаған жеке тұлғалар үшін 10 АЕК, заңды тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер сол адамдар бір жыл ішінде тағы да заңға қайшы әрекет жасаса, яғни, иттеріне ие , есе айыппұл төлейді. Жыл басынан бері облыста заң талаптарын орындамаған ит иелеріне 186 ескерту жасалды, 369 айыппұл салынды. Айыппұлдың көлемі 8 млн 720 мың теңге болды.
Мысал үшін мен сізге ветеринария мамандарының басынан өткен мына біржайтты айтайын: Ветстансы бригадасы тұрғындардың өтініші бойынша белгілі мекенжайға ит аулауға барады. Олар көшеде жүрген итті ұстауға әрекет жасайды. Әрине, ондайда ит босқа қарап тұрмайтыны анық. Үйіне қарай тұра қашады. Мамандар әлгі иттің артынан қуалап, үйдің қақпасын ашып қалса, жануарын құшақтап отырған баланы көреді. Артынша үйдің иесі де шығады. «Аға,итіңізді неге бос қоя бересіз? Біз қазір тиісті орындарға хабарлаймыз. Сізге шара қолданады», – десе, әлгі адам «Жоқ, бұл менің итім емес, алып кете беріңдер» деп аяқ астынан жауапкершіліктен жалтарып шыға келген. Біздің мамандар да оның иті немесе иті емес екенін дәлелдей алмаған. Өйткені, ит есепке алынбаған. Оған чип салынбаған. Көрдіңіз бе, ит аулауда ветеринарлар осындай қиындықтарды бастан өткеруде. Енді оған жол берілмейді.
– 2022 жылдың наурыз айынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы Заң күшіне енгені белгілі. Міне, содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Қараусыз иттердің саны азайды ма?
– Өкінішке қарай, азаймай тұр. Биыл 7 ай ішінде 6078 иесіз ит пен 63 мысық ауланды. Жыл басынан бері 2730 адамды ит қауып алған. Солардың 1012-сі – 14 жасқа дейінгі балалар.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес, бұралқы иттерді жаппай жоюға тыйым салынған. Бос жүрген иттерді аулаған соң, олар иесі табылғанша бес күнге дейін уақытша ұстау изоляторында болады. Сол аралықта иттердің иесі анықталмаса, онда біз қамаудағы жануарларды жан-жақты тексеруден өткіземіз. Егер ит агрессивті мінез көрсетіп, айналасына қауіп төндірсе, топтасқан жерде жүрген жануар болса, олар жоюға жіберіледі.
Ал, керісінше, ешкімге шабуылдамайтын, көшеде жалғыз-жарым жүрген жерінен ұстап алынған иттерге стерилизация жасалады. Вакцина, чип немесе сырға салынады. Содан кейін барып ол иттерді қай жерден ауланды, сол мекенжайға апарып бос қоя береміз. Заң талаптары солай. Олардың көзін жоюға біздің құқымыз жоқ.
– Қанша жерден емдік шараларын жүргізсе де, қараусыз иттің аты қараусыз ит емес пе?
– Дұрыс айтасыз, мәселе сонда болып тұр. Негізі, біз ветеринар маманы ретінде Заңның бұл талаптарына түбегейлі қарсымыз. Иесі жоқ иттерге вакцина егіп, сырға салса да оны ешкім асырап алмайды.
Мәселен, иесі жоқ жануарғаемдік шараларын жүргізіп,бос қоя бердік дейік. Ал келесі жылы дәл сол итке қайтадан екпе саламыз деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Өйткені,қараусыз иттің қайда жүргені бізге беймәлім.
Ол екінші жылы егілмей қалса, аса қауіпті жұқпалы ауру таратушыға айналады. Солардың бірі – құтырма. Қазір қаншама адам бұралқы иттерден зардап шегіп жатыр?! Ол статистиканы жоғарыда айттық. Тіпті, оның арты адам өлімімен аяқталып жататын оқиғалар аз емес. Сонымен қатар, иттен жұғатын эхинококкоз да емі жоқ ауру. Одан тек хиругиялық жолмен ғана құтылады.
Иесіз иттер көрінген жерде жүреді. Балалар ойнайтын алаңға барып, нәжісін тастайды. Бүлдіршіндер ондағы топырақты, құмды ұстайды. Үйіне келіп, қолын жумай тамақ ішеді. Шыны керек, балаңды қолын жуды ма, жоқ па, оны күнде бақылап жүру мүмкін емес. Кейде ұмыт қалатын жағдайлар болады. Сондай кезде баланың қолындағы микроб тамақпен бірге ауыз қуысына түседі. Салдарынан ауру табады.
Екіншіден, иесі жоқ ит аш болады. Көше-көшеден жейтін тамақ іздейді. Балаларымызды мектепке жібереміз. Жол-жөнекей олар дүкеннен бәліш, самса сияқты тағамдарды сатып алады. Аш жануар балаға шабуылдамаса да, тамақтың иісіне қарай жүгіретіні анық. Қасына жетіп барған иттен кейбір балалар қорқып, үрейленеді. Оның арты жүйке ауруларының қозуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
– Бұралқы иттерді жойып құртпаса, одан қутылудың басқа жолы жоқ сияқты ғой. Бірақ оған заң рұқсат етпейді. Сонда не істеу керек?
– Ең алдымен, қоғамда жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бізде ит асырау мәдениеті өте төмен. Оларға зат сияқты қараймыз. Керек кезінде пайдаланамыз, керек емес кезде тастай саламыз.
Бізде қазір қаншама саяжай алабы бар. Қалалықтар ала жаздай сонда тұрып, бау-бақшасына қарайды. Үйін күзету үшін ит асырайды. Ал күз түскенде қалаға қайтады. Солардың көбі асыраған иттерін саяжайда бос қоя береді. Олар сол жерде жүріп көбейеді. Сөйтіп, қараусыз иттердің саны артады.
Кейбір шаруалар мен диқандар жануарларға жаны ашымайтын іс-әрекеттерге барады. Асыраған ит пен мысықтарын күзгі жиын-теріннен соң егіс алқаптарында тастап кетеді. Бір сөзбен айтқанда, обал-сауаптың не екенін ұмытып барамыз.
Бұрын үлкендер итті жеті қазынаның біріне балап, оларға жанашырлықпен қараған. Иттің қарғысына қалудан қорыққан. Ұрпағының болашағына алаңдаған. Аталарымыз табиғатпен біте қайнасып, жан-жануарларды аялап ұстаған. Сондықтан өткеннің өнегесін жастардың санасына сіңіруіміз қажет. Сонда ғана біз иесіз иттердің азаюуына тосқауыл қоя аламыз.
– Маман ретінде мынаны айтыңызшы, шет елдерде қараусыз иттерге қатысты қандай шаралар қолданылады?
– Мен шетелде болған емеспін. Бірақ олардың іс-тәжірибелерін осы салада жүрген соң мұқият зерттеп, зерделейміз. Мәселен, Қытайда, АҚШ-та, Еуропа елдерінде иесіз иттер мен мысықтарды ұстау мерзімі бес күн екен. Иесі табылмаса, ары қарай жауапты адамдарға жібереді. Қараусыз иттер мен мысықтар 14 күнге дейін сонда болады. Осы уақытқа дейін артынан іздеу сұраған адам табылмаса, жаппай жоюға жіберіледі. Бізге де осы заң керек сияқты.
Қазіргі таңда ветеринариялық стансада мамандар тапшы. Солардың орнын амалсыздан зейнет жасына шыққан қызметкерлермен толтырып отырмыз. Жастар мұнда келгісі келмейді. Себебі, жалақы аз, жұмыс ауыр.
Оның үстіне итті бұрынғыдай ұйықтататын дәрімен атып алуға тыйым салынған. Қазір оларды аулау өте қиын. Ол үшін қимылы ширақ, денсаулығы мықты адамдар керек.
Түйіндеп айтқанда, ит аулау жұмыстарын ветеринариялық стансы мамандарына жүктеп қою дұрыс емес. Біз тек иттерді емдеуге тиіспіз. Сол арқылы жұқпалы аурулардың алдын алатын мамандармыз. Бір сөзбен айтқанда, мал дәрігеріміз. Ит аулау, олардың көзін жою біздің функцияға жатпайды.
Бұл жұмыстарды жергілікті әкімдіктің құзырына беретін уақыт жетті. Өйткені, олар ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігін бес саусақтай біледі. Шаруашылық кітапшалары бар. Сонда бәрі тіркелген. Тұрғындар сол арқылы салық төлейді. Әр ауылда учаскелік полиция бар. Иесіз иттерді ұстау жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асса, жұмыс жүйелі болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Болат Мәжит