Қазақстан Үкіметі 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасын қарап, мақұлдады. Үкімет отырысында сөз алған Премьер-министр Әлихан Смайылов бюджет жобасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына болжам негізінде әзірленгенін айтты.
«Үш жылдық бюджет жобасы ең алдымен мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық және уақытында орындауына, сонымен қатар экономиканың сапалы және орнықты дамуына қол жеткізуге бағытталған», – деді Смайылов.
Үш жылдық бюджет жобасын қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырып, алдағы жылдары бюджетке түсетін кірістер мен шығыстар сомасын, қандай салаларға қаржы бөлуде басымдық берілетінін баяндады. Оның айтуынша, бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес түзілді.
«Атап айтсақ, 2024 жылы түсім 20,4 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тартылады», – деді Қаржы министрі.
Жамаубаевтың айтуынша, бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Яғни жол, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, «Жайлы мектеп» және «Ауыл денсаулығын жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізілмек.
Сондай-ақ, 2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болады, ал 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді деп болжанып отыр.
Үкіметтің есебінше, келесі жылы бюджет шығыстары биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңге болады.
«Бюджет шығыстарының негізгі үлесі, яғни жалпы шығыстардың 41 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Келесі жылы оған бөлінетін қаражат биылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 9,9 трлн теңге болады», – деді Е. Жамаубаев.
Сонымен бірге, министр бюджет шығыны неліктен көбейгенін түсіндірді.
«Зейнетақы, жәрдемақы, стипендия секілді әлеуметтік төлемдерді: индекстеу; әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде қалдыру; бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту; гранттар саны мен стипендияны арттыру; азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту; халық саны мен науқастар санының ұлғаюын ескеріп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту жоспарланған», – деді ол.
2024 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,8 трлн теңге көзделген. Бұл бағытта өңдеу өнеркәсібін дамыту; өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру; кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау; көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру; «Ауыл аманаты» жобасын және Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңінен қолдану үшін ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға халыққа микронесие беруге басымдық беріледі.
Үкімет 2024-2026 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,3-6 пайыз деңгейінде болады, ал инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2024 жылы 6-8 пайыз деңгейінде болып, 2026 жылға қарай 5 пайызға төмендейді деп болжайды.
Әлеуметтік сала мен экономикадан өзге, бюджет жобасында күш құрылымдарының шығындары 2,6 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде ең бастылары мыналар: ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру; мемлекеттік қорғаныс тапсырысы; азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне, әскери қызметшілердің кейбір санаттары мен ЖОО оқытушыларының еңбекақысын арттыру; ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру.
Жалпы алғанда, мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты сақтау жөніндегі іс-шаралар толық көлемде іске асырылады.
Үкімет мақұлдаған бюджет жобасы енді Парламенттің қарауына жіберіледі.