Жаңа оқу жылы қарсаңында Шеңгелді оуылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Мектептің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев қатысты.
Салтанатты жиында Марат Сұлтанғазиев мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды Қазақстан Конституциясы күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен және жаңа оқу ордасының ашылуымен құттықтады. Жаңа оқу жылында облысымызда 456 мектепте 330 мыңнан астам оқушы білім алатынын айтқан өңір басшысы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін облыста қолға алынған істерге тоқталды.
«Бүгінде облысымызда үш ауысымдылық мәселесі мен оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, облысымызда «Верный капитал» жеке инвесторы есебінен 1800 орындық 2 мектеп салынып жатыр», – деген әкім Қосқұдық ауылында жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды қуанышқа бөлеген «Халық игілігі қайырымдылық қорына», жомарт азаматтарға алғысын білдірді.
Қосқұдықтағы 100 орындық жаңа білім ошағы “Халық игілігі” қоғамдық қорының есебінен 750 миллион теңгеге салынды. Мектеп қазақ тілінде, бір ауысымда оқытады.
Жаңа білім ордасында 24 оқу кабинеті, 2 шеберхана, компьютер сыныбы, 3 арнайы кабинет (физика, химия, биология), 3 интерактивті тақта, акт және спорт залдары, 60 орындық асхана, оқу залы бар кітапхана бар. Сондай-ақ мектепт медбик кабинеті және процедуралық кабинет қарастырылған.
Жалпы саны 767 адам тұратын Қосқұдық ауылында 86 бала бар. Балалар осы уақытқа дейін 1952 жылы салынған мектепте оқып келді.
Жаңа мектепте оқушыларға 20 педагог, оның ішінде 6 педагог-модератор және 4 жас маман білім береді.