Бүгін – еліміздің басты құқықтық құжаты Конституция күні. Қазіргі қолданыстағы конституция осыдан 28 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге орай қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.
«Құрметті отандастар!
Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын!
Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз.
Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды.
Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында.
Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған.
Сондай-ақ, Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Осы күнге дейін Конституция алты рет – 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаланып, өзгертулер мен түзетулер енгізілген.