Елімізде бос жатқан 8 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Аманат» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
«2022 жылдың басынан бастап пайдаланусыз жатқан 8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды», – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік кешен саласында 6,6 мың жаңа жұмыс орны құрылып, шамамен 540 млрд теңге сомасындағы 290 жоба іске асырылғанын атап өтті.
Премьер-Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шаралап қабылданып жатыр. Саланы субсидиялау 430 млрд теңгеге дейін өскен. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит берудің көлемі де артқан.
Жиында «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заң өңдеу өнеркәсібінің дамуына жол ашқаны да айтылды.
«Өнеркәсіптік кооперацияға жәрдемдесу мақсатында 2021 жылдан бастап отандық өндірушілермен жалпы сомасы 100 млрд теңгеден астам қаржыға 110 ұзақ мерзімді келісішарт жасалды», – деді Үкімет басшысы.