Тіршілік атаулының ауа мен нұрға малшынғанда ғана өркен жаятыны іспетті жас ұрпақ та мейірімге бөленіп, ұлағаттың уызына жарығанда ғана ел ертеңінің иесі атанады. Қалай десек те, жас ұрпақтың ақаусыз есеюі келешегіміздің кепілі саналмақ. Алайда соңғы жылдардағы еліміздегі балалар өміріне кесірін тигізген келеңсіз жайттар қоғамдағы толғақты түйіндердің біріне айналды. Сарапшылар балдырғандардың өмірден теперіш көруіне олардың психологиялық саулығы тікелей әсер етеді деп қарайды.
Ең алдымен, балалардың психологиялық тұрғыдан ақаусыз есеюінің кедергіге тап болуы оларды психикалық бұзылыстарға әкеледі. Бұл құбылыс балалардың тұлғалық дамуына, өмірден өз орнын табуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, олардың өміріндегі қарым-қатынастарда қиындық пен кедергілер пайда болады. Біз көбінесе жақсы сезімді өзімізге басқалардың сыйлағанын күтеміз. Осы сырттан күтетін жағымды эмоциялар мен сезімдерді өзіміз жандандыруды, жаңартуды, байытуды және шығаруды ойламаймыз. Әрине, оны балалық шақта қалыптастырса, сол кезден бастап отбасында психогигиена ұстанса, онда психикалық бұзылыстардың көпшілігінің алдын алуға болады. Сондықтан балаға отбасында эмоциялық қолдау, түсіну, көмек көрсету аса маңызды. Бұл турасында психологтардың өз айтары бар.
– Психологиялық саулық – адамның өз потенциалын жүзеге асыра алуы мен өмірлік жағдайларда, күйзелістерге қарсы тұра алу қабілетін жетілдіреді. Психологиялық саулықты сақтаған жан өмірдің небір сынынан сүрінбей өте алады. Ал сол психологиялық саулықтың негізі отбасында қаланады. Бүгінде 80 пайыз ата-ана баламыздың «көйлегі көк, қарны тоқ» деп біліп, олардың рухани дамуына мән бермейді. Бұл, сөз жоқ, балалардың психологиялық тұрғыдан ақаусыз есеюіне әсер етеді. Бізде авторитарлы ата-аналар балаға тек өз бұйрығын орындатса, ал немқұрайды ата-аналар балалардың өмірі мен білім алуына тым салғырт қарайды. Тек қолдаушы ата-аналар ғана жеткіншектерді үмітке үкілеп, жарқын болашаққа талпындырады. Сол үшін, балаға тек материалдық жағдай ғана жасап қоймай, олардың рухани дамуына да көп көңіл бөлген жөн. Біз психологиялық тұрғыдан ақаусыз есейген ұрпақты ел болашағы деп білгеніміз жөн. Тіпті, бала кезінен қалыпты психогигиена ұстана білген адамдар, тым сирек қылмысқа барады, – дейді Есік гуманитарлықэкономикалық колледжінің психологы Жеңісгүл Хабаева.
Балалардың психологиялық саулығын сақтау үшін, ең алдымен, ата-ана жанашыр жақыны, сырлас досы болуы керек. Ата-ана бала табиғатын тануы, оны түсінуі, жөнімен еркелетуі, шынайы қарым-қатынас құруы, оның бойындағы бар ерекшелікті көре білуі тиіс. Қазір көптеген ата-аналар балаларды мүлдем назардан тыс қалдырады. Сол себепті де, балалар бос уақытын теледидар мен телефонға телмірумен өткізеді. Олардың теледидардан қандай мультфильм көргені мен телефоннан нендей ойын ойнағаны қадағаланбайды. Ал теледидарда балдырғандарды алаяқтыққа баулитын, зұлымдыққа тәрбиелейтін мультфильмдер де жетерлік. Мұның барлығы бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Бүгінде ғаламтор желісінде жасөспірімдердің санасын улайтын ойын көп. Соның кейбірі, жеткіншектерді өлімге итермелейді. Соңғы жылдары осындай ойын салдарынан жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салатын фактілер жиілеген. Бұл жағдайлар отбасындағы қадағалаудың жоқтығынан туындап отыр. Әр ата-ана: «Мен балама не бере аламын?» деген сауал төңірегінде ойлануы керек сияқты. Олардың рухани кемелденуіне мүмкіндік жарату қажет. Қысқасы, ата-ана балалардың қамқоршысы әрі досы бола білгенде ғана олардың психологиялық саулығы сақталады. Десе де, балалардың психологиялық саулығын сақтауға мектептердің де өзіндік жауапкершілігі бар екенін ұмыт қалдырмаған жөн.
Соңғы кездердегі мектеп оқушыларының арасында өзара зорлық-зомбылық көрсету, әлімжеттік таныту оқиғалары туралы жиі айтыла бастады. Мұны мектеп психологы және оқушы арасындағы жұмыстың реттелмеуімен де байланыстырып қарайтындар бар. Елімізде, шын мәнісінде, мектептерде психолог аз. «Бір мектеп психологына 1000 баладан келеді» деген дерек бар. Шындығында, педагог-психологтарға артылатын жүктеме көп. Мектеп психологы оқушылармен, ата-анамен, мектеп әкімшілігімен және жас мамандармен жұмыс істейді.
Оқушылармен жұмыстың өзі бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, дарынды балалармен, үлгерімі төмен оқушылармен, құқық бұзушылыққа бейім оқушылармен жеке жұмыс жүргізеді. Оның үстіне мектеп психологтарына балалармен жұмыс істеу үшін арнайы сағаттар бөлінбеген. Десе де, мектеп психологтарына қажеттілік күн санап артып келе жатыр. Соған қарамастан мектеп психологтарының жалақысы мардымсыз. Сонымен қатар, олардың біліктіліктерін арттырып отыратын ешқандай тегін курстар жоқ. Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі сенатор Дана Нұржігіт Еңбекшіқазақ ауданына арнайы іссапармен келгенде бірқатар психолог Есік қаласынан психологиялық кеңес беретін орталық ашуды ұсынған еді. Өйткені, өңірде психологиялық кеңес алғысы келетін қарапайым тұрғындар, біліктілігін арттырғысы келетін ұстаздар көп. Егер сол ұсыныс қолдау тауып, психологиялық кеңес беретін орталық ашылса, аталған игі жоба мектеп психологтарының біліктілігін арттыруға да көмек көрсетер еді.
Дегенмен, мектептерде кәсібіи біліктілігі төмен психологтар да жоқ емес. Психолог деген сол саланың маманы болуы керек. Кей мектептерде пән мұғалімдері қосымша мектеп психологы болып та жұмыс істейді. Бұл әрине, оның сағат санын, алатын ақысын көбейтуі мүмкін. Алайда бір мұғалім бірнеше қызметті алып жүре беретін болса, «Аққу, шортан һәм шаян» сияқты жан-жаққа тартып, соңында еш нәтиже болмайды. Ол кішкентай бүлдіршіндердің оқу бағдарламасын ойлай ма әлде психологтың жүктемесімен отыра ма? Психолог оқушының көзқарасын, қимылын, бәрін жеке зерттеуі керек. Бүгінде біздің қоғамда психологиялық саулыққа деген сұраныс артып келеді. Бұл – жақсы үдеріс. Көптеген психологиялық мәселелер өз шешімін тапқанда, біз тап болып отырған рухани дағдарыс жеңілдей түседі. Кәсіби мамандар елімізде адамдарға психологиялық кеңес беретін және осы бағыттағы танымды арттыратын телебағдарламалар мен кітаптар жетіспейтіндігін айтады. Қалай десек те, жаны сау ұрпақ қана жарқын болашағымыздың иесі атанбақ.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы