Қазақстанда бүгін, 1 қыркүйек — Білім күні. Бүгін еліміздің мектептерінде дәстүр бойынша алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтіп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 382 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды, ал 188 мың оқушы мектеп бітіреді. Ал Алматы облысында 456 мектепте 330 мыңнан астам оқушы білім алады.
Білм күніне орай Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында мұғалімдер мен оқушыларды құттықтады. Президент өз құттықтауында өскелең ұрпақ еліміздің ертеңі екеніне тоқталып, мемлекет жас өрендердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасайтынын атап өтті.
«Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін жаңа оқу жылы басталады. Республикамыздағы барлық мектеп миллиондаған шәкіртке есігін айқара ашады. Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі! Мемлекет жас өрендердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы үшін барлық жағдайды жасайды. «Мектептің жаны – мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұстаздың бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Әр оқушының тұлға болып қалыптасуында мұғалімдер маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз педагогтерді әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Олардың оқуда озат болып, қоғамның барлық саласында биік белестерді бағындыруына тілектеспін. Жастарымыз келешекте Отанымызға адал қызмет етіп, оның дамуына үлес қосатынына кәміл сенемін. Білім күні құтты болсын!» деген Мемлекет басшысы құттықтауында.
Сонымен қатар Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.