Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру керектігін айтты.
«Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», – деді Президент.
Ұлттық экономика министрлігі бұған дейін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын таныстырған. Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органдары, олардың міндеттері мен өкілеттіктері, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бөлігіндегі мемлекеттік басқару органдарының құзыреті айқындалған. Сонымен қатар өзін-өзі басқару органдары мен ауыл әкімдерінің дербестігін кеңейту талап етіледі.