Білім күні Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшамауданында 1500 орынға арналған сәулетті мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашты.
Мектептің ашылу салтанатына арнайы келген Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов ұстаздар қауымы мен оқушыларды, қуанышқа жиылған жұртшылықты Білім күнімен құттықтады.
«Сіздер «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа білім ордасына алғаш қадам басып отырсыздар. Заманауи үлгіде салынып, жоғары деңгейде материалдық-техникалық жағынан жабдықталған мектеп ұстаздардың алаңсыз еңбек етуіне, жас ұрпақтың терең білім алуына толық мүмкіндік береді.» – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан әкімі мектеп ғимаратын салған мердігер «BI GLOBAL» ЖШС ұжымы мен жоба жетекшісі Айтбай Әбеновке тұрғындар атынан алғыс білдірді. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында аудан бойынша 10 мектеп құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа беру жоспарланғанын тілге тиек етті.
Бұл күні алғашқы қоңыру соғу мәртебесі 11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Жолдасбекке, мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндер – Аружан Сайлаубек пен Ибрагим Аманға бұйырды. Ардагер-ұстаз, Қарасай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов ата дәстүріміз бойынша ақ батасын арнады.
Жаңадан бой көтерген білім шаңырағының ішін аралап көрген қонақтар құрылыс жұмыстарының өте сапалы атқарылып, сынып бөлмелерінің жергілікті өндірушілер шығарған жиһаздармен, заманауи құралдармен жабдықталғанына куә болды. Үш бөліктен тұратын ғимаратта жарық әрі кең сыныптармен қатар кіші және үлкен спорт залдары, 270 бала бір мезгілде тамақтана алатын асхана көз сүйсіндіреді. Мектепте барлығы 84 кабинет болса, олардың 76-сы интерактивті тақтамен, мұғалімдер үшін жеке компьютермен жабдықталған. Инклюзив, информатика, лингофон, арт-кабинеттер оқушылардың қабілетін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Тағы бір айта кетерлігі, мектеп-гимназия оқушыларының қауіпсіздігі үшін ғимараттың кіреберісіне адамның жеке басын анықтайтын «Face ID» құрылғысы орнатылып, 86 бейнебақылау камерасы мектеп ішін толық түсіріп отырады. Тұғындарды алаңдатып келген жол мәселесі де шешімін тауып, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолдары толықтай асфальтталған. Сонымен қатар қалаішілік бағдарлы автобустар да енді жаңа мектепке қатынайтын болады.
Қуат Қайранбаев