Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне басшы болып Нұржан Нұржігітов тағайындалды.
Ақорда жариялаған Президенттің жарлығында «Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын», – деп жазылған.
Нұржан Нұржігітов 1967 жылы туған, білімі жоғары.
1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген. Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры.
Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарды.
2021 жылдың сәуір айынан бүгінге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып келді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні халыққа арнаған дәстүрлі жолдауында еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түбегейлі реформа жасалатынын мәлімдеген.
Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігінің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін, жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керегін айтқан.
«Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.