Трансплантологияның даму деңгейі денсаулық сақтау жүйесі дамуының және медициналық қызмет сапасының өзіндік көрсеткіші болып саналады. Себебі табысты орган трансплантациясы заңнамалық база, дайындалған кадрлық ресурстар, техникалық мүмкіндіктер және донорлық мәдениет қалыптасқан жағдайда ғана мүмкін болатыны сөзсіз.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының заңгері Мухматова Амина Жамалайқызы дәрігерлерге дәріс оқып, еліміздің трансплантология саласындағы заңнамалық негіздерді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қонаев қалалық ауруханасы дәрігерлерінің сөзіне сүйенсек, ағзаларды транспланттау – ағзаларды, ағзаның бір бөлігін немесе тіндерді организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу. Ағзаларды трансплантаттау кез келген адамға, ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін. Көптеген аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатып, оны ауыстырып салу қажеттілігін туындатып жатқаны белгілі. Бүгінгі күні елімізде 4000-ға жуық адам ағзаларын ауыстыруға зәру, оның ішінде, 2023 жылғы шілде айына қатысты мәлімет бойынша, 109-ы балалар.
Өкінішке орай, кейбір пациенттің өмірі санаулы күндерге емес, сағаттарға тәуелді болып жатады. Қазақстандық науқастар басқа ағзаларға қарағанда көбіне бүйрек ауыстырып салуды қажет етеді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі және қайтыс болған адам донор бола алады. Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны немесе ағзаның бөлігін ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды. Комиссия ағзаны теріс мақсатта пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті күшейту мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді. Қайтыс болғаннан кейінгі донор – 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары және тіні реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін, бас миының біржола семуі расталған адам бола алады. Қайтыс болғаннан кейінгі бір донор шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады. Кодекстің 212-бабы 3-тармағына сәйкес, қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын және тiндерiн трансплантаттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде не ол қайтыс болғаннан кейін, жұбайы, зайыбы, ол болмаған кезде – жақын туыстарының бірі оның ағзаларын және тiндерін алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдегенінен хабардар болса, жол берілмейді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде: адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады. Аурухана заңгерінің сөзіне сүйенсек, Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа алуға рұқсат ету құқығын екі жолмен тіркей алады. Алғашқысы- тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгінген кезде, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркелу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін тиісті өтініш нысанын ұсынады. Толтырылған нысан Тіркелімге енгізіледі, ал өтініш берушіге 1 жұмыс күні ішінде МСАК ұйымының бірінші басшысы қол қойған және мөрімен бекітілген ерік білдіруді тіркеу туралы анықтама беріледі. Екінші жолы — қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркіңізді үйден шықпай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеуге болады: ол үшін өтініш беруші порталға кіріп, қызметке тапсырыс беру тиіс, содан кейін барлық қажетті өрістер толтырылады және ЭЦҚ-мен өтінімге қол қойылады, бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және екі тілде ерік білдіру туралы куәлік дайын болады. Өтініште барлық ағзаларды немесе кейбір ағзаны ғана пайдалануға рұқсат етуге болады. Кейіннен шешіміңізді шексіз рет өзгертуге болады. Өтініш мерзімсіз болады, яғни оны біраз уақыттан кейін жаңарту немесе растау қажет емес. Шешім адамның соңғы тіркелген өтініші негізінде қабылданады. Келісімді немесе бас тартуды кім тіркегені туралы ақпарат жабық сақталады. Бұл деректерге тек үш республикалық үйлестірушілер әрі ол адам қайтыс болғаннан кейін ғана қол жеткізе алады. Дербес деректерді қорғау Кодексіне және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы Заңының 29-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Кодекстің 212-бабының 2-тармағына сәйкес «Ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына адамның тірі кезінде ерік білдіруін беру және бұл жөнінде жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-308/2020 бұйрығы әзірленді. Ағзаны трансплантаттау қажеттілігі туралы шешімді мультипрофильді топ – пациент денесінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жағдайының ауырлығына байланысты құрылатын әртүрлі мамандар тобы қабылдайды. Егер топ трансплантаттауды растаса, онда ақпаратты транспланттаушы үйлестірушілерге жібереді. Пациент күту парағына енгізіледі. Ол қайтыс болғаннан кейінгі донордан тіндік үйлесімділігі бар қажетті ағза пайда болғанша сол жерде болады. Ағзаларды трансплантаттауды күту парағы – Қазақстанда ортақ. Күту парағында транспланттау қажеттілігі туралы нақты шешім қабылданған адамдар тұрады. Күту парағына енгізуге Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының немесе транспланттау орталығының жанындағы мультипәндік топтың қорытындысы, Пациенттің дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі, Пациент туралы мәліметтер негіз болады. Осыған байланысты трансплантаттау үшін көрсетілімдер болған кезде тиісті комиссияға беру туралы мәселені шешу үшін тіркелген жері бойынша МСАК ұйымына учаскелік немесе отбасылық дәрігерге жүгінуі қажет.