Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Данияр Қасқарауов Көлсай көлдері аумағындағы экологиялық мәселені көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдады.
«Алматы облысында Жетісудың жауһары, еліміздегі жеті кереметтің біріне баланған Көлсай көлдері бар. Ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Басында бұл жерлер ауыл шаруашылығы мақсатында, шабындық және жайылымға деп берілген. Енді кәсіпкерлер қонақүй, бассейн, дәмхана салып жатыр. Мәлімет бойынша оларда құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылып жатыр. Ал ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз», – деді Данияр Қасқарауов.
Ресми мәліметке сенсек, кейінгі бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист саяхат жасаған. Депутат сонымен қатар көрікті Көлсай көлдерінде инженерлік коммуникация желілері тартылмағанын, санитарлық ахуал сын көтермейтінін алға тартып, аумақта шектеу орнату қажеттігін айтты.
«Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана қойылмаған. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан, шайынды сулар жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осының салдарынан тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр. Түтіні будақтаған көліктер де көлдің басына дейін барады. Сондықтан Көлсайда да тиісті шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз», – деді депутат.
Ол сонымен қатар еліміздегі барлық ұлттық парк аумағындағы жерлердің заңды, заңсыз пайдаланылып жатқанын тексеруге шақырды.
«Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық. Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып, соларды кешенді тексеру керек. Осы ретте жалғыз Көлсай емес, барлық ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген жерлердің заңдылығын тексеріп, мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын», – деді Данияр Қасқарауов.