Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін елімізде 4,7 млн гектар алқаптың астығы орылып, барлығы 4,7 млн тонна астық бастырылды, яғни, гектарына орташа есеппен 10 центнер дәнді дақыл жиналды.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде астық жинау аяқталып келеді, атап айтқанда Шымкентте егін толығымен жиналды, Жамбыл облысында – 98,3%, Түркістан облысында 86% астық жиналды.
Басқа дақылдарды жинау аяқталған жоқ. Осы күнге дейін 58,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Оның өнімділігі гектарына 7 центнерді құрайды. Бұдан өзге, 728,4 мың тонна картоп, 1,9 млн тонна көкөніс және 2,7 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Биыл егін ору науқанына 149,9 мың трактор, 38,6 мың комбайн, 13,5 мың орақ және 140,3 мың бірлік басқа техника жұмылдырылды. Науқанда ауыл шаруашылығы техникаларына арналған жеңілдетілген бағамен берілетін 426 мың тонна дизель отынының 207 мың тоннасы (49%) төленіп, 185 мың тоннасы (43%) жөнелтілді.
Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жалпы сомасы 140 млрд теңге қаржы бөлініп, қаражат толығымен игерілді. Сондай-ақ, Азық-түлік корпорациясы арқылы 21,2 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға, көктемгі егіс жұмыстарын іске асыру және кейіннен қаржыландыру үшін 528 мың тонна көлемінде тауарлық кредиттеуге тағы 60 млрд теңге бағытталды.