Елімізде патриоттығымен көзге түсіп, белсенді азаматтық ұстанымымен ерекшеленген жастарды марапаттауға арналған «Ел үміті медалі» тағайындалады. Оқу-ағарту министрі шығарған бұйрыққа сәйкес, аталған медаль 14-тен 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі.
«Ел үміті медалі» – патриоттық танытқан және белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін ерекшелік белгісі. «Ел үміті медалі» ерекшелік белгісін алуға 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастар ұсынылады», – деп жазылған министр Ғани Бейсембаев қол қойған бұйрықта.
Еске салсақ, бұған дейін бұл награда «Елбасы медалі» деп аталған. Сонымен қатар оған тек 29 жасқа толмаған қазақстандықтар ұсынылатын. Енді «Ел үміті медалін» Оқу-ағарту министрлігі табыстайды.
Қазақстанда жастарға арналған басқа да марапаттар бар. Биылдан бастап «Дарын» және Президенттік әдеби сыйлыққа 35 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады.
Еске салайық, былтыр 8 желтоқсанда Сенат 35 жасқа дейінгілерді «жастар» санатына енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.