Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласы мен Талғар ауданындағы құрылыс жұмысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Алғашқы кезекте облыс орталығының № 2, 4, 5 шағынаудандарын жылумен қамту жүйелерін жаңарту жұмысына баса мән берді. Мұнда көнерген құбырлар ауыстырылып, жаңартылуда. Жалпы құбыр ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмысы 10 шілдеде басталған, жыл соңында аяқталады деп күтілуде. Бүгінде демонтаж жұмыстары аяқталған. Монтаждау, бетон, құбырларды қою жұмыстары жасалуда. Жылу жүйелерін жаңартуға 1 млрд 700 мың теңге қаражат қарастырылған. Құбырлар биыл тексеруден өтіп, келесі жылы іске қосылмақ. Құрылыс жұмысын «SHEBERBUILD» компаниясы жүргізуде.
Бұдан соң облыс басшысы №2 шағынаудандағы № 36 тұрғын үйдің өрттен кейінгі қайта калпына келтіру жұмыстарын көрді. Бүгінгі таңда ішкі жұмыстар толығымен аяқталған, шатыры жасалған. Электрмен монтаждау жұмысы да біткен. Қасбеті жөнделіп, балконды қайта қалпына келтіру жұмысы қалған. Бұл жұмыстар бір апта көлемінде аяқталмақ.
– Бұл үйде жалпы 70 пәтер болса, соның жартысына жуығы зардап шеккен. Әсіресе, жоғарғы қабаттар. Өрт техногендік жағдайларға байланысты электр сымдарының ескіруінен орын алған. Ескі үйде мұндай жайттардың болып тұратыны белгілі. Әйтеуір зардап шеккен адам жоқ. Жергілікті басқарушы органдардың араласуымен үй тез арада қалпына келтірілді. Тұрғындар толықтай пәтерлеріне орналасты, – деді облыстық мәслихат депутаты, «АМФ 1- Имсталькон» ЖШС директорының орынбасары Сергей Горяной.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының тұрғындарға кедергі келтірмеу жағына мән беріп, қалған жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырды. Бұдан соң қалалық орталық саябаққа барған Марат Елеусізұлы жаңадан салынған амфитеатр мен субұрқаққа мән берді. Ендігі кезекте бой көтеретін шатырдың эскизіне де көз тастап, саябаққа халық көп жиналатындықтан оның көлемін үлкейту жағын тапсырды.
– Мұнда түрлі спорттық ойындар, басқа да шаралар өтеді. Соған орай шатырдың мейлінше көлемді болғаны маңызды. Осы жағын ескеру керек, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы саябақты абаттандыру, көгалдандыру мәселесіне де назар аударды. Мұнда бүгінгі таңда 2100 ағаш бар екен, биыл тағы 200 ағаш отырғызылмақ. Оларды күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан әкім бұдан ары Қапшағай су қоймасының маңында орын тепкен орталық жағажайдағы саябаққа да барды. Мұндағы 1,5 гектар аумақ бүгінде иесіз тұрғанын, ондағы ағаштардың күтімсіз қалып, қурап жатқанын көріп, қынжылыс білдірді.
– Бұл – жағалауға жақын тұрған тамаша жер. Сондықтан мұны фитнес орталығы немесе мұз айдыны ретінде пайдалану қажет. Бұл мәселені тезірек шешіп, бос жатқан саябақты қолданысқа беру керек, – деді облыс басшысы.
Қонаев қаласындағы әкім назарындағы тағы бір нысан – №10 шағынауданда салынып жатқан 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы. Бұл үйлер белгіленген мерзімінен кешігуде. Бірақ жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмысына 2,7 млрд теңге бөлінген.
Осы орайда облыс әкімі үйдің құрылыс жұмысына, сыртқы келбеті мен абаттандырылуына айрықша көңіл бөлді. Қонаев қаласының өзіндік дизайн коды бар екенін, үйлер соған сай болу керектігін атап өтіп, құрылыс жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев болса, алдағы жылдарда 107 үй салынатынын, осы маңға автомобиль жолдары да түсетінін, жуырда жаңа мектеп ашылып, халықтың сұранысы қанағаттандырылып жатқанын жеткізді. Жыл соңына дейін Қонаев қаласы бойынша 6 үй пайдалануға берілмек, оның игілігін алғашқы кезекте пәтер кезегінде тұрған жандар көрмек.
Талғар ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Дәулет ауылында орналасқан «Қайрат» индустриялық аймағының әкімшілік және өндірістік ғимараттарының құрылысымен танысты. Аудан әкімі Т.Айдарбеков, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Бердіханов, «Алматы облысының индустриялық аймақтарды басқару компаниясы» ЖШС директоры Е.Шоқаев Марат Елеусізұлына құрылыстағы түйткілді мәселелер жайында баяндады. Атап айтқанда, олар электр қуатын арттыру үшін қосалқы станса салу, жолдарды жөндеу, табиғи газ және су жеткізу, теміржол желісімен тасымалдау үшін рұқсат беру, «Көкдала» стансасында және индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарға кірмежолдардың жоқтығы жайында хабардар етті. «Қайрат» индустриялық аймағы – 2017 жылдың 10 қазан күнгі №418 Алматы облысы әкімдігінің қаулысымен құрылған үлкен өнеркәсіптік орталық. Қазір бұл жерде құны 104 млрд теңгеден асатын 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Барлығы толық аяқталған кезде кемінде 2,5 мың жаңа жұмыс орны құрылып, негізінен құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері өндірілетін болады. 198 гектар аймақты алып жатқан индустриялық аймақта құрылыс жұмыстарының басталғанына алты жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін кейбір мәселелер толық шешілмеген. Сондықтан да аймақ басшысы бұл жерге арнайы келіп, жұмыс барысын өз көзімен көріп, түйткілді мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстарын айтып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.
– Бүгінгі күні индустриялық аймақтан жер телімін алуға сұраныс өте көп. Осы жерге келіп құрылыс салам, кәсіпорын ашам деген кәсіпкерлерді сыйғыза алмай жатырмыз. Өйткені, ол өте ыңғайлы жерде орналасқан. Бір жағы – алып Алматы қаласы болса, екінші жағында облыс орталығы – Қонаев қаласы орын тепкен. Теміржолға да, Алматы – Қорғас, Алматы – Өскемен күрежолдарына да жақын орналасқан. Сондықтан тағы да 300 гектардай жер бөліп, оның жалпы аумағын келешекте 500 гектарға дейін жеткізуге болады. Қазірге дейін мұндағы 11 жобаға 74 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңдағы басты мәселе инженерлік желілердің құрылысы болып тұр. Олар бұрын болмаған. Бюджеттік рәсімдеу көп уақытты алады. Соның салдарынан ұзаққа созылады. Енді соларды құрып, техникалық шарттарын алып, магистарльді желілерге қосуымыз керек. Біз оны тездететін жолды таптық. Өткен жылдың соңында «ДауирКапиталСтрой» компаниясымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инженерлік желілерді тарту жөнінде келісім жасалды. Қазір бұл компания өзі осы индустриялық аймақтың қатысушысы бола тұра, сол желілерді өз қаржысына жүргізіп жатыр. Желілерді осы қазан айының ортасына дейін қосып береміз деп отырмыз, – деді сөз түйінінде Марат Елеусізұлы.
Алма Есенбай,
Құтмағамбет Қонысбай