Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев, суда жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, облыстық спорт саласының саңлақтары мен ардагерлері қатысты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спорт саласы мамандарын Ұлттық Олимпиада комитетінің отызжылдық мерейтойымен құттықтады.
«Спорт – еліміздегі жетекші салалардың бірі. Өйткені спортшылар ел абыройын асқақтату жолында, әлемдік аренада Қазақстанды бренд ретінде қалыптастыруда үлкен рөл атқарып келеді. Ал Ұлттық Олимпиада комитеті отандық спорттың келбеті деп айтуға толық негіз бар. Барлық ірі халықаралық жарыстарда, Олимпиада және Азия ойындарында комитеттің абыройы мен мамандардың кәсібилігінің арқасында Қазақстан құрамасы үлкен мүмкіндікке ие болады. Республика аумағында олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, құндылықтарды насихаттау олимпиадалық комитеттің миссиясы екені бәрімізге аян. Аталмыш ұйым 30 жылдан бері сол миссияны лайықты атқарып келеді. Сонымен қатар, Олимпиада комитетінің спорт пен салауатты өмір салтының насихатталуына, спортты серік еткен жас жеткіншектер қатарының еселеп артуына себепкер болып келе жатқанын атап өткен жөн.
Қонаев қаласының Алматы облысы орталығы атанғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Облыстың спортын дамытуға мейлінше жағдай жасалуда. Алдағы уақытта Олимпиада комитетімен бірігіп, спортшыларымыз үлкен белестерді бағындырады деген ойдамыз, – деді облыс басшысы.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мерейтой аясында облыстың спорт саласы мамандарымен, ардагерлерімен кездесуге мүмкіндік тудырған облыс басшылығына алғысын жеткізді. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс орталығы атанып, жаңа тыныс алған Қонаев қаласының даму әлеуеті зор, табиғаты тамаша өлкенің туризм мен спортты өркендетуде мүмкіндігі мол екенін айтып, бұл өңірден әлі талай спорт саңлақтарының шығарына сенім білдірді.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев те сөз сөйлеп, тәуелсіздік алған жылдардан бері комитет спортшылардың 7 жазғы, 8 қысқы Олимпиадаға қатысуына мүмкіндік ашқанын, ол арқылы облыстың спорт саласын басқарған, қазір Кеген ауданының әкімі болып қызмет етіп жатқан Нұрбақыт Теңізбаев сынды талантты спортшылардың әлемге танылғанын тілге тиек етті.
Бұдан соң марапаттау шарасына орын берілді. Онда облыстық Бокс федерациясының вице-президенті Асқар Сауданбеков, облыстық спортты дамыту дирекциясының директоры Дархан Әшіров, өңірдің спорт саласына зор еңбек сіңірген Тұрсынғали Еділов, Әкешай Жайлаубеков, Иван Соловьев сынды ардагерлер ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің арнайы мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Спорт саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан басқа да жандар Алғыс хат иеленді. Марапаттау рәсімін елімізге белгілі спортшылар, Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Дмитрий Баландин атқарды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы