Алматы облысында Жамбыл мен Балқаш аудандарының әкімі сайланады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс V сессиясында шешім қабылданды.
Мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Қуат Байғоджаев аудан әкімдерін сайлауды 5 қарашада өткізуді ұсынды. Ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Бекітілген тәртіпке сәйкес аудан әкімі болуға ниетті үміткерлерді облыс басшысы және саяси партиялар ұсынады. Додаға жекелеген азаматтар да өз кандидатурасын ұсына алады.
Ол үшін үміткер тиісті әкімшілік аумақта тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек.
«Бұған дейін ауыл әкімдерін халық тікелей сайласа, биылдан бастап пилоттық жоба ретінде тұрғындар аудан әкімін де өздері таңдайды. Бұл науқан әкімдік қызметке кездейсоқ кадрлардың емес, халыққа жаны ашитын, елге қызмет ететін нағыз іскер азаматтардың келуіне ықпал етеді деп ойлаймын», – деді облыстық «AMANAT» партиясының төрағасы Қуат Байғоджаев.