Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауын мұқият оқып шықтым. Ең алдымен айтарым, «Экономикалық бағдар» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Жолдаудың бізге ұсынып отырған негізгі қағидасы осы.
Қоғамдық болмысты жаңартқан кезде – оның құқықтық нормалары, заңдық негіздері, өзара қарым-қатынасы өскелең өмір талаптарына бейімделіп, оң өзгерістерге түседі. Жолдау соның теориялық тұжырымдамасын бекітті. Оны іс жүзіне асыратын тетіктерді белгілеп берді. Енді жүретін жол, алға апаратын бағдар, күш-қуаттың қайнар көзі нақтыланды деп ойлаймын. Білегімізді сыбанып, ізгі ниетпен іске кіріссек табыстарға жетуге мүмкіндік мол. Мен қоғамның бір мүшесі ретінде Жолдаудың әсерін осылай сезіндім.
«Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.
Қолға алынған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты», – деді Мемлекет басшысы.
Біз, кәсіпкерлер, жарияланған әрбір саяси құжаттан өзімізге пайдалы тұстарын іздейміз. Жолдауда айтылған сөздер ойымызды дөп басты. Жақсы жаңалықтарға қанығып, көңіліміз орнықты.
Мемлекет басшысының аузынан шыққан «Бәсекелестік дамыса, бизнес те өркендейді» деген сөздеріне мән беріп, көп нәрсені аңғардық. Мәселен, нағыз жүйрік аламан жарыста анықталады. Маңдайдан тер төгіп бағы асқанның жөні бөлек. Міне, осындай тұлғалардың жігерлі қозғалысы экономикаға жаңаша серпін береді.
Кәсіпкерге дем беру, оған көмектесу, құқығының мінсіз қорғалуы мемлекеттік кепілдікке байланысты. Осыны Президент Жолдауында атап көрсетті. Мен былай деп айтар едім: кәсіпкер жайы ешқашан күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бизнестің мазасын алмай, адал бәсекеге дағдыландырса, олардың басын біріктіретін өнегелі іскерлік орта қалыптасады. Мұның бәрі Жолдауда жан-жақты қамтылды, соған қуандық.
Біз еңбек ететін «BTK GROUP» компаниясы облыстағы бірегей кәсіпорын. Әлемдік стандартпен кірпіш шығаратын зауыт. Қолымыздан келгенше жаңалыққа ұмтыламыз. Үздік технологияны меңгеруге ден қоямыз.
Қазір жүзге жуық жұмысшыларды бір шаңырақтың астына топтастырып отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында іскер жандардың қатары артса, халқымыздың экономикалық-әлеуметтік жағдайы бұдан да нығая түсетіні анық.
Оны Мемлекет басшысы өзі тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. «Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені, оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек», – деді Президент.
Меніңше, орта кәсіпкерлік өнім өндірушілердің негізін құрайтын ең ауқымды топ. Өткен-кеткен тарих беттеріндегі капиталистік шежіренің қай кезеңін алып қарасаң да осылай. Тіпті оларға орта тап деген атау берген. Орта кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық азаяды. Мемлекет қазынасы молаяды.
Бұл үрдісті тежеп тұрған не? Оны жіті қадағалайтын уақыт келді. Кедергілерден арылтатын қолайлы механизмдерді батыл іске қосып, орта бизнестің өркендеуіне жол ашуымыз керек.
Ең бастысы, «өз күніңді өзің көр» деген ескі қағиданы ұмытқан жөн. Кезінде бұл сөз – адамды суға лақтырып жіберіп, еріксіз малтуды үйреткен әдіс ретінде пайдалы болған шығар. Енді ол жарамсыз деп танылды. Бизнес пен биліктің өзара ықпалдастығы орта кәсіпкерліктің дамуына ауадай қажет. Жолдауда «Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар аз емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек» деген сөйлемдер бекер айтылмады деп ойлаймын. Тіпті «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын біріктіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру қажеттігі атап көрсетілді.
Шынайы іскерліктің мемлекеттік қолдауға ие болуы, нағыз талантты кәсіпкерді тани алудың заңдылығын қалыптастырады. Кәсіпкерлік бедел оңайлықпен орнықпайды. Оны ойдағыдай жалғастыратын ұрпақ керек.
Менің ойымша, кәсіпкерлік жолы атадан балаға ауыспаса, шынайы жалғаспаса бәрі бекер. Бүгінгі күннің шындығына тура қарайықшы. Кешегі қой баққан кейбір жандардың балалары одан бас тартты. Бәлкім қиындығынан жеріген шығар? Қорадағы 500 қойды сатып жіберіп, қаладан үй алды, көлік мінді. Ол бір сәтке жақсы болып көрінген шығар, бірақ алдымен кәсіпкерлікті жоғалтты. Жылдар бойы қалыптасқан жанбағыстың өздеріне тән озық үлгісін тәрк етті. Осыдан сақтанғанның айыбы жоқ.
Балаларым шетелде білім алды. Одан кейін компанияда шыңдалды. Мұндағы әріптестерінің ортасында жүріп өмірді таныды. Әр істің парқына жетті. Олардың көкжиегіне қарап тұрып шүкіршілік етемін.
Жолдау жолдарының қарапайым еңбек адамдарының талап-тілегіне жауап бергені, үндескені жақсылықтың белгісі. Оны жаңа Қазақстанның халыққа қарай жақындай түскені деп ұқтым.
Тоқан Ботабеков,
облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі,
«BTK GROUP» компаниясының директоры,
«Құрмет» орденінің иегері